Жаңалықтар

Психологиялық тренинг трендке айналды ма?

Психологиялық тренинг трендке айналды ма?
20.12.2021 13:02 5756

Бүгінгі таңда психология ең танымал мамандықтың бірі. Әлеуметтік желіде тренер, мотиватор, ұстаз болу трендке айналды. Психологиялық тренингтердің көбеюінің арты неге әкеледі? Халыққа пайдасы бар ма? Қазіргі уақытта көпшілікті не мазалайды? Осы сұрақтар төңірегінде сегіз жыл университет қабырғасында физика пәнінен сабақ берген бұрынғы ұстаз, қазіргі психолог Серікгүл Сәли және отандық сән әлемінің алғашқы іргетасын қалаушылардың бірі танымал дизайнер Құралай Нұрқаділовамен сөйлесіп көрдік.  

– Психология саласына қалай келдіңіз? Не түрткі болды?

Құралай Нұрқаділова, қазақстандық дизайнер, стилист, психолог:

Психологиялық тренинг трендке айналды ма?

– Мен бұл салаға 1990 жылдардың басында яғни 30 жыл бұрын үлкен қызығушылықпен келген болатынмын. Дизайнер болғаннан кейін, психология киім әлемін терең білу үшін, адамның сырт бейнесінен, ішкі жан дүниесін қалай ажырата алу керектігін зерттедім. Бұл Шерлок Холмстың «дедуктивті әдісі» деп аталады. Яғни адамдарды ажырата білу. Арнайы Мәскеу қаласына барып, метроға отырып, әлемнің түкпір-түкіпірінен келген адамдарды зерттедім. Бұл саладағы алға қойған мақсатым – адамның ішкі әлемін тани алу. Себебі мен өз тәжірибемде  әртүрлі адамдармен жұмыс істедім. Адамды танып білу үшін білім мен қабілет қажет. Сондай-ақ психология саласында маған еркек пен әйелдің жан дүниесіне үңілу қызықтырды. Себебі сол кездегі өзімнің отбасымда орын алған қиындықтарды психологияны меңгеруімнің арқасында жеңе алдым десем де болады.

Серікгүл Сәли, психология және педагогика ғылымдарының магистрі:

Психологиялық тренинг трендке айналды ма?

– Менің алғашқы мамандығым – педагог. Нұр-Сұлтан қаласында бірнеше университетте студенттерге физикадан дәріс бердім. Бұл – табиғатта нақты жүйесі бар ғылым. Оның көптеген заңдылықтары, адам өмірінің ұстанымдары мен сәйкес келеді. Кейін өмірімде өзгерістер орын алып, мың сұраққа бір жауап таппай, психология саласына аяқ бастым. Психология – жаңа ғылым. Өмірлік тəжірибем психологияның адам өміріне қаншалықты қажет екенін түсіндірді. Психологияда айтылатын әр сөз мені қатты ойландырды. Бұл саланың сөйлегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатқан бей-берекет дүниеге айналып бара жатқаны қынжылтты. Ең басты сол нәрсе түрткі болды.

– Қазір байқасақ, халық психологқа жиі жүгінетін болған. Оған не себеп? Қазақ қоғамы көбінесе қандай мәселемен жиі келеді? Жалпы, қазақ әйелдерінің негізгі проблемасы не?

Құралай Нұрқаділова:

– Түрлі проблема бар. Біздің қазақы менталитетте «ұят» сөзі үлкен рөл ойнайды. Бұл көбінесе үлкен буынмен жұмыс жасағанда байқалады. Маған көмек сұрап келген әйелдердің басым көпшілігі бар проблеманы өзінде ұстап, ұят деген сөздің көлеңкесінде мәселені сыртқа шығара алмай, қателіктерге ұрынғандар. Сондай-ақ, жиі келетіндердің қатарында ата-әжесінің бауырында тәрбиеленіп, екі оттың ортасында қалған, ата-анасын жатсынып кеткен жандар баршылық. Бұл дәстүрді жаман деп айтпаймын, бірақ сол балалардың басым көпшілігі есейе келе ата-анасымен ашық сөйлесе алмайды. Бұның барлығы қарапайым мәселеден басталғанымен, соңы психологиялық күйдің нашарлауына әкеп соғады.

Тағы бір мысал әйелдеріне қысым көрсететін тиран еркектер болады. Бұндай қарым-қатынастан әйел адамда қорқыныш пайда болады, бірақ көп жағдайда әйел өзін кінәлап жатады. Бір байқағаным көпшілік қазақ әйелдері тағдырына бой ұсынып, көнгеннен басқа амал жоқ деп ойлайды. Еркектер әйелдерін психологиялық тұрғыда манипуляциялап, өзін кінәлі қылып шығарады. Егер күйеуіммен ажырасатын болсам, күйеуім тыныштық бермейді немесе өмірім бұдан да қиындап кетеді деген оймен шыдап жүре береді. Бұның барлығы айналып келгенде денсаулыққа зиянын тигізеді.

Серікгүл Сәли:

– Иә, қазіргі таңда адам психологиясын білу, психологпен жұмыс жасау кез келген жанға артық етпейді. Себебі қарапайым өмірде байқаусызда жанымызға жақын адамды ренжітіп алып жатамыз. Маған көбінесе күйеуімен, енесімен, ағайын-туысымен қарым-қатынасын жақсартқысы келетін, не болмаса өмірде өз жолын таба алмай адасып жүрген жандар көмек сұрап келеді. Ал, қазақ әйелдерінің басты проблемасы –  қарым-қатынаста болатын қателіктерден арылу.

– Халықтың әлеуметтік желіде ең жиі қоятын сұрағы қандай? Қоғамда өзектілігін жоймай тұрған мәселелерді айтып өтсеңіз...

Құралай Нұрқаділова:

Психологиялық тренинг трендке айналды ма?

– Бізде көп ата-аналар балаға деген қамқорлық пен махаббатты шатастырып алып жатады. Екеуі екі түрлі ұғым. Балаға беретін материалдық жағдайды махаббат деп ойлайды. Мысалы, біз саған барлық жағдайды жасап отырмыз, саған не жетпейді деген сияқты қысым көрсетеді. Балаға қысым көрсеткенде ол өзгеріп, өзінің виртуалды әлемінде қалып қояды, өзімен-өзі тұйықталып кетеді. Ал балаға ата-анасының көңілі мен махаббатынан артық ештеңе керек емес.

Серікгүл Сәли:

Психологиялық тренинг трендке айналды ма?

– Қазіргі таңда өзектілігін жоймай тұрған мәселенің бірі - әйел теңдігі мен балаға көрсетілетін зорлық-зомбылық. Әлеуметтік желіде оқырмандардың ең жиі қозғайтын тақырыбы – бала тәрбиесі. Халқымыз «не ексең, соны орасың» деп бекер айтпаса керек. Егер бала отбасында мейірімге толы дінге қанық, салт-дәстүрмен тәрбиеленіп өссе, болашақта еліне, жеріне қызмет ететін жақсы азамат болары анық. Сондықтан бала тәрбиесіне бейжай қарамау керек.

– Ел арасында «псевдопсихолог» мамандар көбейіп кетті. Олар халықтың есін шығарып, миын улап жатыр дегендерге не айтасыз? Нағыз маманды қалай анықтауға болады?

Құралай Нұрқаділова:

– Психолог маманның ең біріншіден дипломы бар-жоғына қарау керек. Екіншіден нағыз маман адамның ойын бірден түсіне білуі қажет. Психолог болғысы келетіндер адамның жағдайын түсіне алмаса бұл салаға келмей- ақ қоюға болады. Себебі адамның жан дүниесі нәзік жаратылыс. Егер қабылдау барысында адам жанын жаралайтын сөз айтылса қабылдаудан кейін ол өзіне қол жұмсауы мүмкін. Бұл дегеніміз үлкен жауапкершілікті арқалау. Сондықтан психолог болып жұмыс істемес бұрын, барлығын жан-жақты зерттеп қарау керек. Шыны керек қазір психолог, нумеролог деген секілді мамандар сәнге айналды. Уақыт өте келе бұл мамандықта нағыз өз ісінің білгірлері, халыққа көмектесемін дегендері ғана қалады. Мен бұл салаға үлкен жауапкершілікпен қараймын. Егер тым болмағанда бір отбасын не бір адамды дұрыс жаққа бағыттап өзгертсем, сол отбасының айналасындағы адамдарды да өзгерткенім болып саналады.

Серікгүл Сәли:

– Дұрыс айтасыз қазір псевдопсихологтар шынымен көбейіп кетті. Себебі сұраныс бар екенін біледі. Қай жерде сұраныс бар сол жерде ақша бары түсінікті. Қазір халықтың сұранысын қамтамасыз етеміз деп, психологтардың қаптап кеткені трагедияға айналды. Оларды қай жағынан алып қарасақ та, халықтың миын улап жатыр. Псевдопсихологтар менталитет деген не екенің білмейді және адамның психикасы неден тұратынын ажырата алмайды. Психиканың құрамын, қалай қалыптасатынынан хабары жоқ. Қазақтың ұлттық құндылықтарына, менталитетке сай келмейтін дүниелерді айтып жүр. Адамның психикасы жан-дүниесімен тығыз байланысты. Сол себепті психология саласына нақты жүйе керек. Халық нағыз маманды сөйлеген сөзіне қарап-ақ аңғара алады. Психолог – өзгелердің жан ауруын емдеп жазуға ұмтылатын бір сөзбен айтқанда әмбебап адам болу керек.

– Ақылы психологиялық көмек көрсету барысында сіз қандай принциптерге жүгінесіз?

Психологиялық тренинг трендке айналды ма?

Құралай Нұрқаділова:

– Бұрын мен психология саласында ғана жұмыс жасасам, қазір философияны қатар зерттеп, үйреніп жүрмін. Осыған дейінгі жинаған білімімді ерекше бір әдіске арнап жатырмын. Алдағы уақытта кеңес алушыларға кітап немесе бейнеролик жасауды жоспарлап жүрмін. Дайындаған кітабымды алған оқырман өз сұрағына жауабын таба алады деген сенімдемін. Менің негізгі әдісім – адамдардағы «психологиялық инелерді» алып тастау. Сонда адам өзін іштей жеуді қояды. Психологтың ең басты миссиясы келген адамның мәселесін шешуге көмек беру. Ақша алу үшін маған тағы келіңіз деп бірнеше мәрте қабылдауға жазғаннан гөрі, нақты жұмыс жасау керек. Мәселенің негізгі түйінін шешуге жәрдемдесу керек. Кәсіби психолог бірден проблеманы тауып, сол бойынша жұмыстар жүргізеді. Өз басым түпсанамен, әртүрлі техникалармен жұмыс жасаймын. Адам өзінің проблемасын өзі көріп, сонымен жұмыс жасайтындай нәтиже көрсетемін. Сол кезде адам өзі қашан, қайда қателік жасағанын түсінеді. Мен бұл жерде тек жол көрсетушінің рөлін ойнаймын.

Серікгүл Сәли:

– Бұл мәселе де әуелі баға қымбат болмауы керек. Қарапайым халыққа қызметтің қолжетімділігі маңызды. Екіншіден қабылдаудың ұзақтығын алдын-ала белгілеп, қандай да бір уақытқа бағынбаймын. Белгілі бір мәселемен келген адамды проблемасы шешілгенге дейін қабылдаймын. Мазалаған сұрағы шешіліп, ішкі күйі бір қалыпқа түскенге дейін байланыста боламыз. Қабылдаудың ұзақтығы 30 минут, кейде 2 сағатқа дейін созылатын кездер болады. Үшіншіден қандай маман болса да, нәтижелі жұмысты биік қойғаны дұрыс деп білемін. Мысалы адамда психологқа келгенге дейін апатиялық қорқыныш сезім болатын болса, қабылдаудан кейін ол сезімдерден арылдым деген секілді нәтиже болуы керек. Жеке өз басым осындай принциптерге жүгінемін.

Сіз өткізген сабақтарыңыздың нәтижесімен бөлісіп жатасыз. Сонда бар проблеманы психологиялық тренингпен шешуге бола ма?

Құралай Нұрқаділова:

– Иә, мен міндетті түрде семинар тренингтер өткіземін. Себебі келушілерді таңғы 10:00-нан кешкі 22:00-ге дейін қабылдаймын. Маған сенім артып келген әрбір кеңес алушыға кемінде 2 сағат уақыт арнаймын. Тіпті кейбір уақыттарда не тамақ, не су ішуге мұршам болмай жатады. Сол себепті бәріне үлгеру үшін тренинг, тікелей эфирлер өткізіп тұрамын. Психологтың көмегінсіз күйзелістен шығу қиын. Тағы бір айта кетерлігі мен күрделі сырқаттардың психосоматикасымен жұмыс жасаймын. Мысалы экзема, псориаз, аллергия, астма, бцп т.б. Ондай аурулармен күресу кез-келген психологтың қолынан келе бермейді.

Сұқбаттарыңызға рақмет!

(Суреттер ашық ғаламтор көздерінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға