«Психологпен жұмыс істейді» – спортшы Илья Мизерных жайында не білеміз?
Шайдоровтан кейін Ақордаға жолы түсетін екі спортшы болса, бірі – Илья Мизерных, екіншісі – Надежда Морозова. Алтынның төңірегіндегі ажиотаждан осы екі атлеттің еңбегі еленбей қалмаса дейміз. Морозова жайлы мәлімет көп, сондықтан шаңғы спортында тыңнан түрен салған Илья Мизерных жайында жазамыз.
Тауға қарап өскен ұл
Биыл Италиядағы Олимпиадада бақ сынаған 36 спортшының 18-і дебют жасады. Ішіндегі ең жасы – фристайл-акробат Аслан Асылхан (16 жас). Илья Мизерных болса, 7 ақпанда 19 жасқа толды. Ол 2024 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы. Әрине, ол былтыр өткен әлем кубогынде 52 орын алған соң, ешкім мұндай нәтиже күткен жоқ. Ал Илья осы спорт түрінен үздік ондыққа кіріп, айды аспаннан бірақ шығарды.
Иә, бұл – шаңғымен тұғырдан секіруден ел тарихындағы үздік көрсеткіш. Бұған дейін ең үздік көрсеткіш Андрей Вервейкинге тиесілі еді. Ол 1994 жылы Лиллехаммер Олимпиадасында 24 орынға тұрақтаған.
Илья Мизерных – Алматы қаласының тумасы. 6 жасынан бастап шаңғыға тұрған. Анасы бұрын альпинист болған екен. Ел ішіндегі, халықаралық жарыстардан 100-ден астам медаль иеленген. Ол айына бес күн ата-анасының қасында болса, қалған уақытта жаттығу жиынында жүреді.
Оны шаңғы спортына көршісі әкелген. Көршісі бұрын ұлттық құрамаға мүше болған. Ал алғашқы бапкері – Шыңғыс Набиев. Осы спорттың қызығы мен шыжығын түсіндіріп, талай додаға баптаған екен. Ұлттық құрама сапына ілігуіне де үлес қосқан. Сөйтіп, Илья 2023 жылы ұлттық құрамаға ілігіп, 2024 жылы Канвонда өткен жасөспірімдер Олимпидасында топ жарған.
Ұлттық құрама бапкерлерінің айтуынша, Илья – тумысынан көшбасшы. Тынбай жаттығу жасайды, үнемі трамплин маңынан шықпайды. Біздің де назарымызды аударған бір деталь бар. Ол кәсіби психологпен жұмыс істейді. Өйткені Илья 16 жасында жасөспірімдер додасында олимп шыңының дәмін татты. Одан ары әлем кубогыне қатысты. Сосын Италиядағы ойындарға жолдама алды. Осынша жүктемені, психологиялық қысымды көтеру үшін, әрине, маманның көмегі керек-ақ.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
2007 жылы туылған өреннің арманы – Олимпиада жүлдегері атанып, Алматыдан зәулім үй сатып алу. Ол Канвонды бағындырып келгеннен кейін осылай ақтарылған-ды. Әзірге, бұл арманы орындала қойған жоқ, дегенмен бапкері Миланнан алған 8 орыны медальмен пара-пар екенін айтады.
Әлем чемпионатынан медаль күтеміз
Ұлттық құраманың бас бапкері Павел Васильев ҰОК-қа берген сұхбатында үлкен тұғырдағы жарыс аса тартысты әрі эмоцияға толы өткенін айтты. Оның айтуынша, іріктеу кезеңінде Илья Мизерных ең ұзақ қашықтыққа секірген. Негізгі бәсеке барысында да үнемі үздік ондықтың қатарында болған. Нәтижесінде, сегізінші орынмен жарысты аяқтады.
«Илья Мизерныхтың жеткен жетістігі - нағыз ғажайып. Бұл - керемет нәтиже. Оның 140,5 метрге жасаған секіруі өте жоғары деңгейде орындалды. Алайда жерге қону кезінде аздаған қиындық байқалды. Себебі мұндай қашықтыққа ұшып барып, тепе-теңдікті сақтап, жерге қонған сәтте төрешілерге ұнайтындай етіп – екі аяқты бір-бірінен алшақ ұстау оңай емес. Алыс қашықтыққа секіргенде аяққа түсетін күш те артады. Соның салдарынан аяқ бүгіліп, спортшы отырып қалады«, – дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бапкердің айтуынша, бұл жолы Илья жүлделі үштікке таласа алмады. Бірақ алғашқы алтылыққа кіруге мүмкіндігі болған. Оған әлемдік рейтингте 30-орында тұрғаны әсер еткен. Себебі секіру тұғыры сәл биік қойылғаны тағы бар. Әрине, Олимпиадаға дейін рейтингте жоғарылауға мүмкіндік болған. Бірақ Илья екі рет дисквалификация алып, соның салдарынан Әлем кубогының екі кезеңін өткізіп алған.
Бапкерінің сөзінше, алда Ильяға секіру техникасында кейбір тұстарды жетілдіру қажет. Босаңсуға болмайтынын, Алда АҚШ-та өтетеін Құрылықтық кубоктың кезеңіне күтіп тұрғанын атап өткен.
«Аталған жарыста жеңіске жетуді көздеп отырмыз. Наурыз айында Норвегияда өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында да медаль алу жоспарда бар. Сондай-ақ Әлем кубогының финалдық кезеңінде «ұшу» тұғырында Қазақстан рекордын жаңартқымыз келеді. Қазір рекорд Сергей Ткаченкоға тиесілі – 2019 жылы 199,5 метрге секірген. Біздің мақсат – 200 метрден асу», - деді бапкер ҰОК-ке берген сұхбатында.

