Жаңалықтар

«Проходной двор» емеспін ғой – Серікбол Сайлаубек ажырасуының себебін атады

«Проходной двор» емеспін ғой – Серікбол Сайлаубек ажырасуының себебін атады
Фото: Видеодан алынған кадр 03.11.2023 10:38 21983

Әнші Серікбол Сайлаубек «TALKLIKE» бағдарламасына берген сұхбатында ажырасуының себебін атады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұрысатын, тырнақ астынан кір іздеп отыратын азамат емеспін. Ер адамға не керек? Тамағың тоқ, киімің таза болса болды ғой. Жағдайын жасадық. Мұқтаждық болған жоқ. Бірақ мен оны кінәлай алмаймын. Менен де кінә болған шығар. Операциядан кейін көзім нашарлап кететінін білген жоқпын. Көзім қалпына келгенде, бәрі басқаша болар ма еді. Ол кезде өзіммен өзім арпалыста жүрген кезім. Өзіңіз ойлаңызшы, өмір бойы көлік айдап жүресің де, бір күнде көзің көрмей қалады. Енді-енді өз-өзіме келіп жатырмын. Қала сыртында, қозғалыс аз жерге барып көлік айдап келемін, - деді әнші.

Тілші Серікболдан жұбайымен ажырасуы, көзінің көруінің нашарлауы қалай әсер еткенін сұрады.

Ол сынақ. Сынақты көтере алғандықтан да берілген шығар. Мұның бәрі уақытша, соны түсіндім. Мына дүние уақытша. Көзді ашып-жұмғанша өтеді де кетеді. Көзің көрмейді, бірақ тірісің. Тірі өліксің, былайша айтқанда. Не өлі, не тірі емессің. Бес-алты күн өз-өзіммен қалдым. Сіздер үшін 5-6 күн өтеді де кетеді. Ал қараңғыда 5-6 күн деген өте ұзақ уақыт екен. Атағың, дүниең жоқ қой, сол кезде адам рухымен қалады. Мына жалғанда адам дүниенің артынан қуа бермей ішкі рухын толтырғаны абзал. Ол үшін алдымен иман керек. Иманың әлсіз болса, рухың әлсіз болады.

Қиын-қыстау сәтте адамның шынайы бет-бейнесі көрінеді. Қиналған сәтте қасыңнан табылмаған адам бәрі жақсарғанда қайта келсе, ол дұрыс емес қой. Әйеліме «осы жерден қоя салайық» дедім. Келіп-кетіп жүретін «проходной двор» емеспін, намысым бар, халық таниды.

Бірақ балаларыммен қарым-қатынасымыз жақсы, күнделікті қыдырамыз, толыққанды әкемін. Тек бұрынғы әйелімнің өміріне араласпаймын. Ажырасу деген сөз ғой, әйтпесе бала бар жерде байланыс үзілмейді ғой, - деді ол.

Өнер иесі әйеліне өкпесі жоқ екенін де тілге тиек етті.

Карантин кезі еді, күнделікті тамақ істеп үйде отыра беруден адам жалығады ғой. Ана болу да оңай емес. Қыдырғысы, өмірді көргісі келген шығар. Оны да түсіну керек. Сондықтан қолдан келгенше көмектесіп тұрамын, - деді Серікбол Сайлаубек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға