Жаңалықтар

Профессионалдардың пірі - Шаймерден

Дарбаза ауылы - Түркістан облысының Сарыағаш ауданында. Мән-мазмұны басқалардан ерекше Шаймерден атаның ұстаханасы мен мекені де осы жерде.
Профессионалдардың пірі - Шаймерден
13.08.2018 09:46 9915


©el.kz

 

- Жаугершілік замандарда ұста болған кісі - дейді ұстахананың шырақшысы Сәдуақас өзінің бабасы Шаймерден ата туралы.

Бір кездерде Дарбаза ауылы атауы айтып тұрғандай - қайсыбір бағыттағы маңызды қақпа болғанға ұқсайды. Ал шебер Шаймерден бабамыз «оперативті жазыққа» беттеген әскерлерді найза-қылыш, сауыт-сайманмен жабдықтаған.

Жүре келе ұста болмаған, ұста болып туған. Ол-бұл темірді алақанымен балқытатын,  әрбірден соң қолтыққа салып майыстырып, тіземен ие беретін балғабілек, көрікауыз шебер екен.

Халықтың қашаннан бері бабадан шеберлік пен ісіне сәт  тілеп келе бастағанын шырақшы білмейді. Ол ес білгелі осылай:

Профессионалдардың пірі - Шаймерден
©el.kz

 


©el.kz

 

Әуелде тек темір-терсекке байланысты кәсіп иелері медет сұрайтын баба, кейін кәсіптің барлық түрінің піріне айналған. Егер ұста бабаның шеберханасының түбінде тұрып -  қолдарыңа ел естімеген еп, көздеріңе масаның инесінің жасуын көретін өткірлік, басыңа шытырман жабдықтың жайын бірден түсінетін зеректік сұрап, кәсібіңе байланысты бір құралды тастап жіберсең -  тілегің қабыл болады.

Келмейтін адам жоқ. Дәлірегі, келмейтін кәсіп иесі жоқ. Әйтеуір біз,  темір тұлпар жөндеушілердің тәу еткендерін бірден байқадық:

©el.kz

 

Шырақшының айтуынша, машинаның құралын – көлігі сын сағатта қақалып-шашалып қалмай, айдалада қалып қоймауды тілейтін адамдар да тастайды.

Кілт тастап, шеберлік кілтін іздеген жандардың да келгені айқын:

©el.kz

«Есептен жаңылдырма, балансты үнемі нөл де нөл қылатын сана бер мына қауашаққа!» деді ме екен калькуляторларды тастаған есепшілер:


©el.kz

 

«Ауруын ағзаның өзі сыбырлап айтып беретін емші болайыншы!» деп жалбарынды мына стетоскопты тастаған жан. «Ексем болғаны - науқасым шаба жөнелсін!» деп тіледі шприцті тастаған тағы бір дәрігер:


©el.kz

 

«Қақпағын аша сала ақауын  кескінінен түсініп қалатын зеректік бер!» деді мына платаны лақтырған электроншы:


©el.kz

 

Мына есептегіш қызық болды-ау бәрінен:


©el.kz

Білсем, есептегіш жөндеу деген кәсіп жоқ, болса да мемлекеттік  метрологтардың жұмысы (пікір ретінде өз болжамыңызды айта отырыңыз  оқырман, білместік қылып отырған сияқтымын). Неге тастады екен? Мүмкін жай, есептегіштен пайда тауып отырған жан болар? «Дәм-тұздан айырма!» деді ме екен. Әйтеуір ізгі тілегі қабыл болсын.

 

Атауыз иесінің тілегін де болжауға болады, тістегенін қиып түсіргісі келеді-ау сол:


©el.kz

 

Шашын қиғанның барлығы жылтыр журналдардың бетінен бір шығып, өзінен кезек артылмағанын тіледі-ау мынаны тастаған шаштараз:


©el.kz

 

Көздің жауын алатын кесте тігетін өнер сұрады жіп пен қайшыны тастаған ісмер қыз:


©el.kz

 

Өлшеу де жауапты іс, қысқа кессең ұзартуың қиын. Ендеше ағаш ұстасы ма, әлде архитектор ма - бұл кәсіп иесінің де тілегі қабыл болсын:


©el.kz

 

Үйіндінің арасынан шыққан мына қарындаш пен қаламдар абдыратты бізді:


©el.kz

 

Бұларды кім тастады екен? Қарындашты тастаған қияли құрылғы сызып жатқан бір туабітті инженер шығар. Бір күні атағы әлемге жария болар. «Сол кездерде зымыранның камерасына отын бүрку тұсын келістіре алмай қатты қиналып едім» деп сұхбат берер әлі.

Ал қаламдар ше? Шабыт тілеген ақын болды ма екен? «Сүйкеген үкімім әділетті болсын!» деген судья ма? «Қол қойған сайын халықтың тұрмысы түзеле берсін!» деген шенеунік пе?

Әлде жай, канцелярия тауарларын көтерме сататын саудагер ме?

Үйіндіге бөлшек тастап тәу етудің пошымы осы. Бұдан басқа, бабаның шеберханасын аралап, қуыс-қолтықтарда тілек етуге болады. Баба әлдеқашан тек кәсіптің пірі емес, жай, адами бақыт та сұрайтын әулиеге айналған. Шеберхананың бұрылыс-қалтарыстары да тілек тілеген адамдардың күбіріне толы. Ниет қылып тасталған тиындар мен ормалдарды байқайсыз тұс-тұста.

 

Түрікпеннің манаты болады бұл жерде:


©el.kz

 

Тәжік ағайындар да көп тілек тілейді дейді бұл жерде:


©el.kz

 

Ал енді қазақтың теңгесінде қисап жоқ.

Оғаш «жәдігерлер» де бар. Мынау, құлыппен бастырылған төлем жасау жөніндегі нұсқау нені білдіреді екен:


©el.kz

 Пәтердің құлыбы емес пе осы? Несиеге алған үйінің соңғы төлемі шығар, қуаныштан баба басына жеткізген. Әлде алғашқы төлемі болуы да мүмкін, ай ма ай кешіктірмей төлейтін жігер сұратқан. Фурнитура сататын адамның саудаға сәт тілеген кішкентай өтініші де шығар. Білмейміз, бірақ ақ ниеттің табын сезіп-ақ тұрмыз.

 

Бабаның отырғышына отырып та тілек етсең болады:


©el.kz

 

Жауырын тасқа жауырыныңды тигізу де жақсы ырым:


©el.kz

 

Ал мынаның үстінде Шаймерден баба темірді қамырша илеген төс тұрыпты:


©el.kz

 

Мынау болса, кезінде бет қаратпайтын пеш болыпты:


©el.kz

 

Бәсе. Біздің жұрт естелік қалдырып кетпесе болмайды ғой осы:


©el.kz

 

Одан да тас үйіп қалдырса нетті естелікті:


©el.kz

 

Айтпақшы, бойжеткен не сұрады екен:


©el.kz

 

Ұстаханадан 2-3 шақырым жерде Шаймерден атаның қонысы бар. Бабаның тұрған үйін көргенде, шебердің ебіне қайран қаласың. Себебі ол қаланған үй емес, тасты ұңғып жасалған:


©el.kz

 


©el.kz

 


©el.kz

 

Мұндағы шырақшы бір қызық жайтты айтып берді. Ертеректе үйдің төбесі қалың ыс болыпты. Суық мезгілдерде отты үйде жаққанға ұқсайды. Кейінірек келгендер «төбесі батпан ыс үйде қалай тұрған!» десіп, күйені қырып тастапты. Одан кейін  үйдің төбесінен құм саулап ағатын болыпты. Қазір ойлап отырса, төбені ыспен қаптап топырақ ағынын тыю үшін отты әдейі үйде жаққан. Әйтпесе жылу жүйесін басқаша  ойластыру шебер бабаға мәселе болды дейсіз бе.

 

Мынау болса - мешіт:

©el.kz

 


©el.kz

 


©el.kz

 

Күмбезсіз, қырға біткен ерекше мешіт. Жылнамашылар оны 1904 жылы салынған деп отыр. Қарлығаш пана  қылған құтты мешіт:


©el.kz


©el.kz

 

Шырақшылардың тізімі:


©el.kz

Бұл мекенге ғажайып сұрап келмейді. Бұл мекенге сүйікті кәсіпке  қолдау сұрап келеді. Ондайлар көп. Сәдуақас шырақшы тасталған бөлшектер мен заттардан тұратын үйіндіні ара-тұра тазартып тұруға мәжбүр.

Әулие  хакерлерді, бомбаға детонатор жасайтындарды, жалпы қылмыскерлерді суқаны сүймейді деген наным бар. Тілегін бермек түгілі, барын алып қоятын көрінеді. Әзіл ғой.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға