Сервистік компаниялар активтерді сенімгерлік түрде басқарады
Проблемалы инвестициялық несиелер сервистік компаниялардың сенімгерлік басқаруына беріледі. Бұл жайында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде айтты деп хабарлайды El.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«4 шілдеде Мемлекет басшысы стрестік активтер нарығын дамыту бойныша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заңға қол қойды. Ол заңның ережелері 4 қыркүйекте қолданысқа енгізілді. Заңда сервистік компаниялар институтын құру көзделеді. Олар инвесторларға жұмыс істемейтін кредиттерге қызмет көрсету және басқару қызметтерін көрсетеді. Жеке инвесторлар үшін жұмыс істемейтін кредиттерді сату кезінде сервистік компаниялар институтын енгізу маңызды. Себебі бұл компаниялардың проблемалық қарыз алушылармен жұмыс істеуде тиісті жұмыс тәжірибесі мен құзыреті болады. Сервистік компаниялар активтерді сенімгерлік түрде басқарады. Өндіріп алудың жеке стратегиясын әзірлеп, іске асырады және стрестік активтердің меншік иелеріне басқа да қызметтер көрсетеді», - деді Олжас Қизатов.
Ол қызметтер мыналар:
- қарыз шарты туралы ақпаратты жинау, өңдеу, есепке алу, әкімшілендіру, талдау, оның орындалуын мониторингтеу;
- жеке инвестор мен борышкер арасында одан әрі бірлескен бизнес үшін келіссөздер процесін құру, борышкермен және оның өкілімен, борышкерге кредит берген жеке инвестордың міндеттемелерімен байланысты үшінші тұлғамен өзара іс-қимыл жасау;
- қарыз шартының тәртібі мен талаптарын өзгерту;
- несие салынған жобаны экономикалық айналымға енгізу үшін қаражат салу қажет болса, аяқталмаған құрылыс объектілерін немесе өзге де мүліктік кешендерді қаржыландыру;
- сотта, оның ішінде берешекті өндіріп алу және кепіл нысанасын өндіріп алу процесінде жеке инвестордың мүддесін қорғау;
- жеке инвестордың мүддесі үшін бағалаушылардың, аудиторлардың, заңгерлердің және өзге де консультанттардың қызметтерін тарту және пайдалану;
- қарыз алушылардың шағымдарын қарау және сенімгерлік басқару шартында көзделген басқа да қызмет түрлері.