Жаңалықтар

Президенттің жарлығы аясында жұмысты жалғастырамыз – Қошанов

Президенттің жарлығы аясында жұмысты жалғастырамыз – Қошанов
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 04.09.2024 10:29 862

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов VIII сайланған Мәжілістің үшінші сессиясының ашылуымен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Біз жаңа сессияны жаңа залда бастап отырмыз. Осы мүмкіндік үшін президентімізге зор ризашылық білдіріп қояйық! Әріптестер, өткен дүйсенбіде мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы жолдауын жариялады. Президент Жолдауда депутаттық корпустың белсенді жұмысын ерекше атап өтті. Бірқатар тапсырмалар тікелей депутаттарға арналды. Бұл Президенттің көптеген мәселелерде депутаттық корпусқа арқа сүйеп, сенім артатынын көрсетеді, - деді Мәжіліс төрағасы.

Ерлан Қошановтың сөзінше, бұл мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының дұрыстығын әрі пәрменділігін дәлелдейді. Сонымен бірге жолдауда айтылған көптеген мәселе заңнамалық тұрғыдан қолдауды талап ететінін атап өтті.

Мәселен, қолданыстағы Банктер туралы заң 1995 жылы қабылданған. Бүгінгі күннің талаптарына толық сай келмейді. Сондықтан біз Банктер туралы жаңа заң қабылдауымыз керек. Сонымен қатар, алдымызда еліміздің салық жүйесін қайта електен өткізу міндеті тұр. Президент Салық кодексін қабылдау мерзімін келер жылға ұзартты. Бұл шешім асығыстық танытпай, кодексті мұқият қарауға мүмкіндік берді. Ең бастысы, кодексті сарапшылармен, мамандармен, кәсіпкерлермен бірге тағы да жан-жақты пысықтай аламыз. Салық кодексі экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтардың барлығына түсінікті болуы керек. Осы кодекс бойынша алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр, - деді мәжілісмен.

Мәжіліс төрағасы барлық депутат, барлық фракция атсалысуы қажет екенін айтты.

Бұдан басқа, біз президенттің «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» жарлығы аясында жұмысты жалғастыратын боламыз. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды қабылдау кезінде біз бұл мәселені талқыладық. Енді осы тақырыпқа қайта оралатын кез келді. Мемлекеттік кәсіпорындарды басқарудың оңтайлы саясатын заңнамалық деңгейде бекіту қажет болады. Осы сессияда біз активтерді қайтару бойынша заңнаманы жетілдіруге бағытталған жұмысты жалғастырамыз. Қайтарылған қаражат та, активтер де Қазақстан халқының игілігіне жұмыс істеуі қажет. Ол үшін ел экономикасына қаражат салу – капиталға амнистия жасаудың міндетті шарты болуға тиіс. Бұл – президенттің берік ұстанымы, біз оны нормативті түрде бекітуіміз керек, - деді Қошанов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға