Жаңалықтар

Президенттің барлық ауқымды реформалары болашақ ұрпақтың қуатты іргетасына айналады - Балаева

Президенттің барлық ауқымды реформалары болашақ ұрпақтың қуатты іргетасына айналады - Балаева
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі 22.12.2023 23:25 1120

Бүгін Астанада «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері мен марапат иелері қатысты. Министр өз сөзінде «Дарын» жастар үшін ең маңызды сыйлық екенін атап өтті.

Әрине, өнер-білім – адамның талабынан туса, оның ішкі тәлімі мен мәдениеті – тұлғаның зиялы санасы мен ұлттың сапасынан. Сондықтан да, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев зиялы, интеллектуалды ұлт туралы айтқанда, ең алдымен оның негізін құраушы – өздеріңіздей өнерлі де білімпаз ғана емес, терең саналы, рухани сапалы жандар туралы айтады. Мемлекет басшысының соңғы жылдары жүргізіп жатқан ауқымды реформалары да осындай жастарымыздың ертеңі үшін жасалып жатыр. Болашақ Қазақстанның әлемдік аренада шын мәнінде өркениетті, зиялы да зайырлы, озық ойлы болуының бірден-бір кепілі де осы. Оның негізінде қарапайым, бірақ өте мағыналы бес талап жатыр: білімділік, еңбекқорлық, адалдық, жауапкершілік және кәсіпқойлық, - деп атап өтті Аида Балаева құттықтау сөзінде.

Министрдің айтуынша, бұл сыйлық жүздеген қазақстандық дарынды жастардың өміріне жаңа бастама берді. Олардың қатарында мәдениет қайраткерлері Димаш Құдайберген, «Муз АРТ» тобы, спортшылар Ольга Шишигина, Денис Тен, Динара Садуақасова, жас ғылымдар Максим Здоровец, Мақсат Жабагин, журналистер Мақпал Жұмабай, Ирина Тен сынды дарынды тұлғалар бар.

Бұл қасиеттердің барлығы «Дарын» сыйлығының иегерлеріне тән қасиеттер ғана емес, өсіп келе жатқан жастарға үлкен өнеге. Бір ғана Димаш Құдайбергеннің мысалында Отанымызды, оның мәдениеті мен тілін төрткүл дүниеге паш етіп жүрген өнерпазды ғана емес, ішкі парасаты зор, адами тәлімі үлгі, жаны мейірбан азаматты көреміз. Сөз жоқ, бұл жастарға дұрыс бағыт көрсететін өнегелі жол. Содан болар – биыл «Дарын» сыйлығына тапсырыс берген жастардың саны өткен жылға қарағанда 50% пайызға көп. Қазылар алқасына оңай тиген жоқ. Қызу талқылаулар мен пікірталастар болды. Кіл жүйріктің ішінен таңдау жасау қашанда қиын, өйткені барлық үміткерлер аталған сыйлыққа лайықты, - деді Аида Балаева.

Министр жастардың жарқын өкілдері келер ұрпаққа үлгі бола отырып, адал еңбек арқылы салауатты өмір салтын насихаттауға, қоғамдық мәдениетті сақтауға, өзін-өзі дамыту мен ортада жағымды, оң көзқарас қалыптастыруға ұйытқы болуы тиіс деп санайды.

Соңғы жылдары қолға алынған Президенттің ауқымды реформалары, бастамалары мен бағдарламалары болашақ ұрпақ үшін қуатты іргетас саналады.  Бұл істер ертеңгі қоғам кедергілерге тап болмауы үшін және жаһандық миссияларға назар аудармауы үшін қажет. Мемлекет жастардың дамуы үшін барлық жағдайды жасайды, ал Президент әрдайым қолдай отырып өзін - өзі жетілдіруге шақырады, - деп атап өтті министр 

Министр "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының 19 лауреатына диплом, төсбелгі және ақшалай сыйлықтар табыс етті.

Биыл мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер 340-тан аса кандидатура ұсынды.

Оның ішінде "ғылым" бойынша -110, "Дизайн және бейнелеу өнері" -21, "Спорт" -27, "Театр және кино" -49, "Эстрада"-12, "Журналистика"-10, "Халық шығармашылығы"-28, "Шығармашылық бастамалар"-32, "Әдебиет"-28, "Классикалық музыка"-30 өтінім бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға