Жаңалықтар

Президенттікке үміткерлердің сайлауалды шаралары жалғасуда

Бұл туралы штабтың баспасөз қызметі мәлім етті
Президенттікке үміткерлердің сайлауалды шаралары жалғасуда
Фото: gov.kz 05.11.2022 17:40 2517

Президенттікке үміткер Салтанат Тұрсынбекова 8 мыңнан астам студент білім алатын Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz

Ол оқытушылармен, студенттермен және ректор Гүлмира Қанаймен тілдесіп, 78 жылдық тарихы бар оқу орнына экскурсия жасады.

Шара барысында Салтанат Тұрсынбекова өзінің өмірі мен еңбек жолына тоқталды. Ол кез келген қыздың арман-мақсатына жете алатынын жеткізді. Спикердің айтуынша, кез келген адам өзіне-өзі кедергі жасамауы керек.

«Мен өзім ауылдан, көп балалы отбасынан шықтым. Бірақ өмір бойы білім алдым, жұмыс істедім, өзімді дамыттым. Барлық әріптестерімнен көп жұмыс істеуге тырыстым, күні бойы, кейде тіпті түнгі уақыттарда да жұмысқа шыққан кездерім көп болды. Осының арқасында мен өзімнің барлық армандарым мен мақсаттарымды жүзеге асыра алдым. Менің ойымша, біз өзіміз ойлаған нәрседен де көп нәрсеге қол жеткізе аламыз. Ғалым болғымыз келсе, бола аламыз. Ғарышқа ұшқымыз келсе – ол да мүмкін нәрсе. Әлемдегі ең жақсы стартапты іске қосқымыз келсе,  сәл тер төксек, оны да оп-оңай жасай аламыз Біз өз күшіміз бен мүмкіндіктерімізге күмән келтірмеуіміз керек. Арман-қиялдарымызды шынға айналдыру үшін қазір мүмкіндік өте көп», - деді ол.

Спикер өзінің алдында отырған студенттердің арасында болашақ ел көшбасшылары бар деп есептейді.

Тұрсынбекова жұмыс берушілерге колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру үшін субсидиялар беруді, жастарды жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын құруды, жастар бизнесін дамытуға салықтық жеңілдіктер беруді, өмірлік қиын жағдайға тап болған жастарға атаулы көмек көрсету үлгілерін әзірлеуді, жеңілдіктер беруді ұсынады. Және жас отбасыларға ипотекалық несие алу кезінде субсидиялар беру, тұрғын үй және білім алу үшін ұзақ мерзімді пайызсыз несие беру бағдарламаларымен бөлісті.

Кездесуден кейін студенттер Президенттікке үміткерге Tik-Tok желісінде бейнеролик түсіруді ұсынды. Ұсынысқа Салтанат Тұрсынбекова қуана-қуана келісті. Видеоға құқық қорғаушымен бірге 25-ке жуық қыз түскен.

2022 жылдың 5 қарашасында ҚР Президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан үміткер Нұрлан Әуесбаев Республикалық сайлауалды штаб ұйымдастыруымен тығыз құрылысқа қарсы бейбіт митингке қатысты. 

Іс-шара Пушкин көшесі мен Ш.Құдайбердіұлы даңғылы қиылысында орналасқан саябақ аумағында өтті. Акция барысында сөз сөйлеген үміткер тығыз құрылыс мәселесі тек елорда және Алматы қаласымен шектелмейтіндігін атап өтті. Бүгінгі күні бұл Қазақстанның барлық дерлік қалаларына таныс жағдай.

Нұрлан Әуесбаевтың пікірінше, тығыз құрылыс қала қасіретіне айналуда. Одан бөлек тойымсыз құрылыс салушыларға ең жақсы жер телімдерінің берілетіні тағы бар. Оған қоса әкімдіктер игеруге бас жоспар бойынша мектеп, балабақша мен ауруханалар салынуы тиіс жерлерді беруде. Нәтижесінде тұрғындар әлеуметтік инфрақұрылымның жоқтығынан зардап шегеді.

Қоғам алдында тұрған тағы бір мәселе –  сыбайлас жемқорлық. Әуесбаевтың айтуынша, құрылыс салушылар өз мүдделерін ғана ойлап, ең жақсы жер телімдерін иеленуге ұмтылады. Мұндай жағдайларда әдетте пара беріледі.

Нұрлан Әуесбаевтың пікірінше, жағдайды барлық деңгейдегі әкімдерді тікелей сайлауды енгізу арқылы ғана өзгертуге болады. Қала басшылары халық алдындағы жауапкершіліктерін сезінбейінше, парақорлықты жеңу мүмкін емес.

Бұл тармақ ЖСДП үміткерінің сайлауалды бағдарламасында бар Қазақстанның саяси жүйесін реформалау жөніндегі бірқатар ұсыныстардың бірі болып табылады. Бұдан бөлек бағдарламада парламенттік-президенттік басқару формасына көшу де қарастырылған.

Митингке 50-ге жуық адам, оның ішінде елордадағы тығыз құрылысқа қарсы белсенділер қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға