Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу жалғасуда
Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу жалғасып жатыр. Бүгін негізгі кезең - сараптама комиссиясымен сұхбат өткізілді, деп хабарлайды El.kz.
Жас әрі дарынды мамандарды анықтап, ел игілігіне қызмет етуге даярлауды мақсат еткен бұл жоба жастар арасында зор қызығушылық тудырды. Іріктеудің алғашқы айында 31 мыңнан астам адам тіркеліп, олардың 7 436-сы келесі кезеңге өткен. Бүгін сараптамалық комиссия сұхбаттасудың үшінші күнінде, аралық қорытынды шығарып, үздіктердің үздігін анықтауда.
Резервке қатысушылар кімдер?
Президенттік жастар кадр резервінің үміткерлері — орта жасы 31 жас шамасындағы жас мамандар. Олардың әрқайсысы айтарлықтай еңбек өтіліне ие, орта есеппен 9 жыл тәжірибесі бар, ал үштен бірі басқарушылық қызмет атқарған.
Қатысушылар Қазақстанның барлық өңірінен жиналған. Өтінім саны бойынша Астана қаласы көш бастап тұр, сонымен қатар Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласынан да белсенділік жоғары. Үміткерлердің жартысынан астамы мемлекеттік қызметте, ал қалғандары бизнес, білім беру, IT және өзге салаларда еңбек етуде.
Білім деңгейі де жоғары: қатысушылардың басым бөлігі жоғары білімге ие, олардың ішінде бакалаврлар, магистрлер және PhD докторлары бар. Арасында шетелдік жоғары оқу орындарының түлектері, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары мен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері де бар.
Жобаның мақсаты — халық пен елге қызмет ету
Президенттік жастар кадр резерві — бұл жай іріктеу емес, елдің жаңа буын мемлекеттік қызметшілерін даярлауға арналған платформа. Олар ел алдындағы жауапкершілікті сезініп, күрделі стратегиялық міндеттерді шешуге қабілетті болуға тиіс.
Біз енді екі жылда бір өткіземіз ғой. 2023 жылы бізге 6400 жуық қатысушылар қатысты. Соның 50- ін біз іріктеп алдық. Оның 42-сі жұмысқа орналасты. Ал қалған 8 адам əр түрлі себептермен əлі жұмысқа орналасқан жоқ. Биылғы енгізген өзгерісіміз біз сала бойынша қабылдап жатырмыз. Яғни əр сала бойынша біз жастарды анықтаймыз,- деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай.
Жаңа идеялар мен көзқарастар алаңы
Резервке қатысушылар ұсынған идеялар мен бастамалардың ауқымы кең. Сарапшылар атап өткендей, жастар көлік және логистикадан бастап құрылыс пен коммерциялық қатынастарды реттеу сияқты әртүрлі бағыттар бойынша өз ұсыныстарын білдіруде.
Осы сан қырлы ойлар мен ұстанымдар жобаның табысты болуының негізгі факторы болып отыр. Президенттік жастар кадр резерві — ел болашағы үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын жас көшбасшылардың бірегей алаңы.
Жоба елге қызмет етуді өмірлік мұрат еткен, өз білімін қоғам игілігіне бағыттағысы келетін амбициясы жоғары кәсіби жастарды біріктіреді.

