Президентті қорғау, рәміздерді күзету: Мемлекеттік күзет қызметіне үміткерлерді іріктеу басталады
EL.KZ Информационно-познавательный портал
2 наурыздан бастап еліміздің барлық өңіріндегі жергілікті әскери басқару органдарында ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің (МКҚ) қатарында мерзімді әскери қызмет атқаруға үміткерлерді іріктеу басталады. Іріктеу науқаны 10 сәуірге дейін жалғасады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Үміткерлерге қойылатын талаптар
Мемлекеттік күзет қызметі сарбаздарының қатарына 18 бен 27 жас аралығындағы, бойы 180 сантиметрден жоғары және 195 сантиметрден аспайтын, денсаулығы жарамды, орта, орта арнаулы немесе жоғары білімі бар Қазақстан азаматтары қабылданады.
Жоғары білімді, сондай-ақ спорттық жетістіктері мен разрядтары бар жастарға басымдық беріледі.
Қайда қызмет атқарады?
МКҚ мәліметінше, іріктеуден өткен сарбаздар әскери борышын Астана және Алматы қалаларындағы «Айбын» және «Батыр» президенттік полктерінде өтейді.
Олар тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен әскери істің қыр-сырын меңгеріп, жауынгерлік және арнайы даярлық сабақтарынан өтеді. Бұл кезеңде сарбаздар түрлі әскери мамандықтарды игеріп, тәртіп пен жауапкершілікке бейімделеді.
Қандай міндеттер жүктеледі?
ҚР МКҚ мерзімді қызмет сарбаздарына бірқатар маңызды міндет жүктеледі.
Олар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын күзетеді, мемлекет басшысының қатысуымен өтетін протоколдық іс-шараларға қатысады, сондай-ақ күзетілетін тұлғалар мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, – делінген мәліметте.
Әскери қызмет – болашаққа мүмкіндік
Мемлекеттік күзет қызметі қатарында мерзімді әскери қызмет атқару арқылы олар өмірлік маңызды дағдыларды меңгеріп, кәсіби және тұлғалық тұрғыда шыңдалады.
Мерзімді қызмет жастар үшін болашақ мансап жолына бастайтын әлеуметтік лифт болуы да мүмкін. Қызметін абыроймен аяқтаған сарбаздар қаласа, келісімшарт негізінде жұмысын жалғастыра алады. Кейін арнаулы мемлекеттік орган қызметкері немесе офицер атанып, күзетілетін тұлғалар мен стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысу мүмкіндігі бар, – деп нақтылады ведомство.
Сонымен қатар ҚР Мемлекеттік күзет қызметінде мерзімді әскери борышын өтеген азаматтарға Қазақстан Республикасында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары мен жеңілдіктер толық көлемде қолданылады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетейік, бұған дейін Қорғаныс министрлігі 2026 жылы Қазақстанда 850-ден астам запастағы офицерді әскери қызметке шақыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Оның ішінде:
700 запастағы офицер Қарулы күштер;
80 офицер Шекара қызметі;
64 офицер Ұлттық ұлан;
15 офицер Төтенше жағдайлар министрлігінің құзырына жіберіледі.
Шақыру авиациялық, инженерлік, артиллериялық, радио-техникалық, әскери-тасымалдау, медициналық, тылдық, ақпараттық және барлау бағыттары секілді ең қажетті әскери есептік мамандықтар бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, денсаулығы жарамды, қажетті әскери есептік мамандығы бар 29 жасқа дейінгі, ал медициналық мамандықтар бойынша 32 жасқа дейінгі запастағы офицерлер шақырылады, – делінген хабарламада.
Әскери қызмет атқару кезінде офицерлер жалақы алады, тұрғын үй немесе тұрғын үй төлемдерімен, тамақпен және медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі.

