Жаңалықтар

Президенттен сыйлықтың орнына бүйрек сұраған қыздың арманы орындалды

Президенттен сыйлықтың орнына бүйрек сұраған қыздың арманы орындалды
Фото: Akorda.kz 30.01.2024 16:41 1670

Осыдан бір жыл бұрын жаңа жыл қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ана мен бала орталығына барып, балаларды мерекемен құттықтаған еді. Сонда жаңажылдық сыйлық орнына ауруынан айығуды, сау бүйрек табылуын сұраған 13 жастағы Әнел Дінекешева ерекше есте қалды. Жақында Әнелдің қан тобына сәйкес келетін донор табылып, сәтті ота жасалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі KAZINFORM тілшісіне сілтеме жасап.

2022 жылы 30 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ана мен бала орталығының балаларымен жүздесті. Әнел де балалардың арасында Президентпен сөйлесіп, өз тілегін айтқан.

Сонда Президент: «Жаңа жылға қандай сыйлық қалайсың?» - деп сұрады. Әнел ауруынан айығуды, сау бүйрек табылуын сұрапты. Президент армандарының орындалуын, сәттілік тіледі. Тура бір жылдан кейін 2023 жылы 30 желтоқсанда қызымның қан тобына сәйкес келетін донор табылды. Бірден сәтті ота жасалып, өзі қалағандай нағыз жаңажылдық сый болды. Әрине, Президентпен кездесу басқа науқастардың алдында менің қызыма еш артықшылық берген жоқ, өзімізге сай келетін бүйректі сабырмен күттік, біз мұны тек жақсы ырым, жақсы тілектің орындалуы деп бағаладық, - дейді Әнелдің анасы Динара Дінекешева. 

Әнелге 1980 жылғы әйелдің бүйрегі салынған. Ол инсульттан кейін оянбады және оның жақын туыстары жарамды ағзаларын басқа науқастарға беруге келісім берді.

Боранды күні ұшақ ұшпай, хирург-трансплантологтер пойызбен жолға шығып кетеді. 14 сағаттан кейін ағзалар Астанаға жеткізіліп, бір бүйрек Әнелге орналастырылды. Осылайша павлодарлық әйелдің екі бүйрегі, өкпесі, бауыры мен жүрегі басқа науқастарға беріліп, бірден бес адамның өмірі ұзарды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға