Жаңалықтар

Президентке Ұлттық кәсіпкерлер палатасын трансформациялау бағыттары туралы баяндалды

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті
Президентке Ұлттық кәсіпкерлер палатасын трансформациялау бағыттары туралы баяндалды
Фото: Ақорда 20.12.2022 14:40 1093

Президент «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Райымбек Баталовты қабылдады, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі. 

Мемлекет басшысына отандық кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар, мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастық, Ұлттық кәсіпкерлер палатасын трансформациялаудың негізгі бағыттары туралы баяндалды.

Райымбек Баталов палатаның функциясына жатпайтын қызметтерге талдау жасалып, қысқартылғанын, олардың бәсекелік ортаға берілгенін, сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бюджет бағдарламасына тәуелділігі түбегейлі азайғанын жеткізді. Кездесу барысында еліміздегі кәсіпкерлікті дамытудың негізгі бағыттарына ерекше назар аударылды. Жоғары әлеуметтік жауапкершілік, адалдық, салық адалдығы, экологиялық талаптарды сақтау және басқа маңызды қағидаттарды берік ұстанатын кәсіпкерлердің жаңа буыны пайда болу үшін жағдай жасау қажеттігі айтылды.

Қазіргі уақытта Палата мейлінше жедел шешуді қажет ететін және стратегиялық басымдыққа ие мәселелерді анықтау үшін терең талдау жүргізіп жатыр. Аталған түйткілдердің Үкіметпен және әкімдіктермен тығыз серіктестікте шешілуі экономиканы тиімді әртараптандыруға, жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыруға және қолайлы бизнес ахуал қалыптастыруға септігін тигізеді.

Президент Ұлттық кәсіпкерлер палатасының есебін тыңдап, стратегиялық шешімдер қабылдау кезінде бизнестің мүддесін ескеру маңызды екенін, сондай-ақ отандық кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру үшін ұсынылған шаралар мен «Атамекенді» трансформациялау тәсілдерінің өзектілігін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға