Жаңалықтар

Президентікке үміткерлер үгіт-насихат шараларын жалғастырып жатыр

Жиынға түрлі сала мамандары қатысты
Президентікке үміткерлер үгіт-насихат шараларын жалғастырып жатыр
Фото: gov.kz 28.10.2022 14:42 3058

Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Қызылорда облысына келді, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы  «Ауыл»   партиясының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Кандидат Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары және сала мамандарымен кездесіп, өңірдегі өзекті мәселелерді талқыға салды.

Ел ырысына айналған Сыр күріші – өңір бренді саналатын өнім. Алайда соңғы жылдары Сырдария өзенінің арнасы тартылып, облыстың экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайы күрделеніп отыр. Судың тапшылығы, әсіресе күріш шаруашылығына кері әсерін тигізуде.

«Көктем келсе, кетпенін сайлап егін егуге кірісетін диқан қауымының көңілі алаң. Су тапшылығы мәселесі жайбарақаттықты көтермейді. Қамсыз егін егіп, су жетпей жатса, еңбектің еш кеткені емес пе?! Сондықтан біз су тапшылығы мәселесін мемлекеттік деңгейде шешуіміз керек. Ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру жайы көптен бері айтылып келеді. Дегенмен бұл іске білек сыбана кірісетін кез енді келгендей. Себебі тек бір ғана күріш егумен еңбекші елдің несібесі артып, ел қамбасының тоқ болмайтыны айқын сезіле бастады», – дейді Жигули Дайрабаев. 

Сөз соңында Жигули Дайрабаев ғылым мен өндірісте үндестік керектігіне баса назар аударды. Әсіресе, суармалы жүйеге негізделген өңір үшін қазіргідей су тапшылығы жағдайында бұл өте маңызды. Кандидаттың бастамаларын қолдаған шаруалар мен ғалымдар алдағы уақытта жүзеге асатын жобаларда бірлесе әрекет етіп, барлық тараптар үшін оңтайлы шешім қабылдауға дайын екендігін жеткізді.

Кездесуден кейін кандидат Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылының тыныс-тіршілігімен танысты. Бүгінде бұл ауыл береке-бірлік пен тынымсыз еңбектің арқасында аймақтағы ең көрікті елді мекенге айналған. Ауыл тұрғындарымен кездескен Жигули Дайрабаев өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталып, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.

28 қазанда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан ҚР президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев Ақмола облысы Ақмол ауылында болып, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Кездесу жергілікті Мәдениет үйінде өтті. Шара барысында үміткер халыққа жақын болу үшін сахнадан залға түсті. Жиналған қауымды сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Өз сөзінде, Нұрлан Әуесбаев, мемлекет алдында тұрған басты мәселе – жемқорлықпен күрес екенін атап өтті. Үміткердің пікірінше, ол үшін ең алдымен саяси реформаларды жүзеге асыру керек және ең алдымен мәжілістің рөлін күшейтпек керек.

Жалпы, Ақмолдағы басты мәселелердің бірі – дамыған әлеуметтік инфрақұрылымның жоқтығы. Атап айтқанда, ауылда оқушы орны тапшылығы байқалады. Ақмолдағы бала саны ескі мектептегі орын санынан әлдеқайда көп. Сонымен қатар тұрғындар балабақша салуды сұрайды.

Бұл ретте Нұрлан Әуесбаев өзінің сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік саясатқа ерекше көңіл бөлінгенін атады.

ЖСДП-дан үміткер білім беру саласы мемлекет тарапынан айрықша назарды талап ететінін белгіледі. Медицина және білім беру салаларына ЖІӨ-ден жылына ең кемі 5-7%-ды бөлуді ұсынды. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілі мұндай шараның инфрақұрылым мен жабдықты кезең-кезеңмен жаңартып отыруға, дәрігерлер мен мұғалімдер еңбекақысының банк қызметкерлері деңгейіне дейін көтеруге мүмкіндік беретіндігін айтты. Мұның маңызы зор, себебі аталмыш мамандар адами капиталдың сапасына жауап береді, ал бұл өз кезегінде отандық экономиканы дамыту үшін негізгі талап болып саналады.

 

ҚР Президенттігіне үміткер Қарақат Әбден Павлодар қаласының сайлаушылармен кездесу өткізді.

Павлодар қаласының «Дарынды балаларға арналған музыкалық колледжінде» өткен сайлауалды жиында Қарақат Әбден ұстаздармен жүздесіп, білім беру саласындағы өзекті сұрақтарды талқылады.  

«Студенттер, білім алушы жастар– еліміздің болашағы, ал ұстаздар – қоғамдағы орны ерекше тұлғалар. Сондықтан Павлодар қаласындағы сайлауалды жиын осы білім ордасында өткізуді жөн көрдік», - деп жеткізді Қарақат Әбден. Оның айтуынша, сайлауалды бағдарламада білім беру саласын жетілдіруге көп көңіл бөлінген. Әсіресе, білім алушылар үшін жоғары білімнің тегін болуы, олардың жатақханамен, инновациялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі аса өзекті. Жиын барысында орта техникалық білім беретін мұғалімдерінің мәртебесін арттыруға қатысты сұрақтар мен ұсыныстар талқыланды.

Бұдан бөлек, Қарақат Әбден өзінің Павлодар қаласындағы сенімді өкілдерімен өкілдерімен кездесті. Үміткердің бұл өңірдегі сайлауалды штабында 200-ден астам волонтер жұмыс істейді.

Еске салсақ, Қарақат Әбден бұған дейін Ақмола облысы, Қарағанды, Астана, Екібастұз қалаларының тұрғындарымен жүздескен еді. Алдағы уақытта оның Абай, Алматы, Ақтөбе облысының сайлаушыларымен кездесу өткізетіні мәлім.

28 қазанда Астанада Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова көпбалалы аналарға өз құқықтарын түсіндіру мақсатында кездесу өткізді.

Көпбалалы отбасылардың мәселелері бәріне белгілі: қиын қаржылық жағдай, баспана мәселесі және балаларды оқытуды ұйымдастыру, қарыз жүктемесі. Әйелдер Салтанат Тұрсынбековаға өздерін мазалаған сұрақтарын жолдады. Кандидат жиналғандарға өзінің неліктен қазір қоғамдық жұмыстармен  белсенді түрде айналысып жүргенін түсіндірді.

«Еңбек жолымды мектепте мұғалім болып бастадым. 5 жыл тарих пәнінен сабақ бердім, сынып жетекшісі болдым. Содан кейін өмір мені мемлекеттік қызметке алып келді, сол жерде 20 жылдан астам қызмет еттім. Қазір қоғамдық жұмыстармен айналысамын. Мүмкін бұл менің өмірлік басты миссиям болған шығар. Мен мемлекеттік органдардың қалай жұмыс істейтінін, қай тұстары ақсап тұратынын жақсы білемін. 5 жылдан бері ауылдарды, дағдарыс орталықтарын, отбасыларды қолдау үшін құрылған мекемелерді, қарттар үйлерін, балалар үйлерін, бас бостандығынан айырылған әйелдерге арналған түрмелерді аралап жүрмін. Мен біздің әйелдердің жасөспірімдерден бастап, қарттарына дейін не толғандыратынын жақсы білемін. Олардың қалай өмір сүріп жатқанын көрген сайын, әрқайсысы үшін жаным ауырады. Ал мен жағдайды, қазіргі статус-квоны өзгерткім келеді. Мен үшін қоғамымыздың ең осал топтарына – көпбалалы аналарға, толық емес отбасындағы ата-аналарға, мүгедектерге, ерекше қажеттіліктері бар балалардың аналарына және басқа да қолдауды қажет ететін азаматтарға көмектесетін реформаларды жасағым келеді», – деді.

Құқық қорғаушы өзінің сайлауалды бағдарламасы аясында елдегі жағдайды өзгерткісі келетінін айтты.

Мәселен, кандидат көпбалалы және қиын өмірлік жағдайдағы отбасылардың қарыздарын есептен шығарып, әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендетуді, ең төменгі жалақы мен ең төменгі күнкөріс деңгейін (зейнетақы жинақтары, жәрдемақылар мен шәкіртақылар) арттыруды, бағдарлама әзірлеуді ұсынады. кедейшілікпен күресу, ҮЕҰ мен еріктілерді тарта отырып, қолжетімді бағадағы өнімдер мен тауарлары бар әлеуметтік дүкендер желісін құру жоспарлары да бар.

 

Өңірлерде ҚР Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкеннің сайлауалды үгіт-насихат бағдарламасы жалғасуда.

Қостанайға келгеннен кейін кандидатты вокзалда плакаттармен әрі ұрандармен өңірлік сайлауалды штабтың өкілдері мен еріктілер жылы қарсы алды.

Үміткер алғаш барған орындардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы ат. Қостанай өңірлік университеті болды. Студенттер және оқытушылармен кездесу барысында жас мамандарды жұмысқа орналастыру, жалақы және оны индекстеу мәселелері көтерілді.

"Әрине, біз әрқашан жастардың жұмысы мен жақсы жалақысы болғанын қалаймыз. Алайда мұндай мәселе тек бір жыл ішінде тез шешіле қоймайды. Себебі ол, бүгінгі таңда, жылдар бойы қордаланып қалған, өзекті мәселелердің біріне айналған. Барлығы ең төменгі жалақы мөлшерінен басталады (ЕТЖ), яғни бұл аталған проблеманың негізі болып отыр. Биылғы жылы бұл көрсеткіш 60 мың теңгені құрады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ол 70 мың теңгені құрайтын болады. Біздің ойымызша, ол 70 мың емес, 150 мың теңгеден астам болуы керек. Дамыған елдерде жалақының ең төменгі мөлшері 717 мың теңгені құрап отыр, яғни көргендеріңіздей айырмашылық 10 есе", - деді кандидат. Сонымен қатар үміткер лайықты өмір лайықты жалақыдан басталатынын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша Мейрам Қажыкен Ахмет Байтұрсынов ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Қазақ халқының көрнекті мемлекет, саяси және қоғам қайраткеріне ескерткіш 2000 жылы ашылған.

Ескерткіштің авторы – белгілі қазақстандық мүсінші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Төлеген Сәбитұлы Досмағамбетов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға