Жаңалықтар

Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті

Бұл туралы штабтың баспасөз қызметі мәлімдеді
Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті
Фото: Штабтың баспасөз қызметі 14.11.2022 14:12 1705

 Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті, деп хабарлайды El.kz.

Президенттікке кандидат Қарақат Әбденнің ел өңірлеріндегі сайлауалды сапарлары жалғасуда. Бүгін кандидат Шымкент қаласындағы «АГФ Групп» атты тігін фабрикасының ұжымымен жүздесті.

Кездесу барысында кандидаттың бағдарламасы таныстырылып, қоғамдағы өзекті мәселелер мен әлеуметтік сұрақтар талқыланды. Тігін фабрикасы ұжымының басым көпшілігі әйелдер қауымы болғандықтан, олардың тарапынан кандидат ұсынған әйел-аналарды, көп балалы отбасыларды қолдау мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қатысты шараларға баса мән берілді.

Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті

  «Отбасы мен аналардың әлеуметтік мәселелері – бұл ел экономикасының дамуын көрсететін бірден-бір көрсеткіш. Менің сайлауалды бағдарламамда бұл сұрақтарға көп көңіл бөлінген. Әрбір отбасы, әсіресе көп балалы отбасының рухани-өнегелік әлеуеті зор, сондықтан ол халықтың ғасырлар бойы жинақталған ұлттық құндылықтарын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін маңызды ұғым болып табылады. Қазіргі кезде отбасы институтын жан-жақты нығайту, оның мәртебесін арттыру, көп балалы аналарға қолдау көрсету ерекше маңызды», - деді Қ.Әбден.

 Сондай-ақ бүгінгі кездесуге ОБСЕ байқаушылар миссиясының өкілдері Кристофер Маккалоу мен Кристина Богданова қатысты. Олар үгіт-насихат науқанының барысымен, Қарақат Әбденнің сайлауалды штабтарының жұмысымен танысты.

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова Қазақстандағы ана мен бала өлімі тақырыбына арналған жиын өткізді. Жиын Атырау қаласында ұйымдастырылды.

«Ана мен бала өлімінің деңгейі – ел медицинасының дамуын сипаттайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Бұл көрсеткіштер мемлекеттегі өмір сүру деңгейі туралы да айтады, содан кейін ол халықаралық рейтингтерде де көрсетіледі. Қазақстанда бұл көрсеткіштер бұрыннан өсіп келе жатқанымен, соңғы уақытта асқан жылдамдықпен өсе бастады. Біз әрбір әйел мен сәби үшін күресуіміз керек», - деді Тұрсынбекова.

Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті

Кандидат ranking.kz деректеріне сілтеме жасай отырып, бірнеше цифрларды алға тартты.

Ұлттық жоспарға сәйкес, ана өлімі 2021 жылы 100 мың тірі туғанға шаққанда 35-тен төмен болып, 2025 жылға қарай 10-ға дейін төмендеуі керек. Ал, іс жүзінде 2021 жылы бұл көрсеткіш 44,7 болды. Атырау облысында ана өлімінің нақты көрсеткіші күтілгеннен үш есеге жоғары болды.

«Соңғы уақытта балалар өлімі бойынша нәтижелер де көңіл көншітпейді. Жыл соңына дейін Қазақстанда нәресте өлімі 1000 тірі туғанға шаққанда 7,6-ға дейін төмендеуі керек еді. Алайда, көрсеткіш керісінше республика бойынша орта есеппен 8,44-ке дейін өсті», - деді спикер.

Нәресте өлімінің жиі кездесетін себептері перинаталдық кезеңде туындайтын жағдайлар (932 нәресте), туа біткен ауытқулар жиі кездеседі (335 нәресте), сондай-ақ инфекциялық және паразиттік аурулардың да әсері болады (72 нәресте).

Kандидат Нұрлан Әуесбаев Маңғыстау облысына сапармен келіп, Жанаөзен қаласындағы «Білім-Инновация» лицейі ғимаратында сайлаушылармен кездесу өткізді.

Іс-шара барысында кандидат жиналған қауымға өзінің сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары жөнінде баяндап берді.

Нұрлан Әуесбаевтың пікірінше, мұнай-газ саласы ел бюджетінің басым бөлігін құрайды. Дегенмен аталмыш өңір инфрақұрылым жағынан артта қалған аймақтардың бірі болып саналады. Мұның бәрі теңгерімсіз өңірлік саясаттың салдары. ЖСДП-дан кандидат барлық деңгейлі, оның ішінде облыстық әкімдерді сайлауды енгізу арқылы бұл тығырықтан шығуға болады деп есептейді.

Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті

Реформалардың бірі ретінде бюджеттік процедураларды жетілдіру ұсынылады. Әр елді мекенде өзіне тиесілі ашық бюджет жасақталып, нақты уақыт режимінде онлайн түрде мемлекет ақшасының қалай және қайда жұмсалып жатқандығы ашық көрсетіліп отырылуы тиіс.

Бұдан бөлек Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды бағдарламасында қазақстандықтардың өмір сапасының Стандартын енгізу ұсынылады. Стандартта азаматтарымыздың сапалы тамақтануынан бастап, демалысына дейінгі барлық қажеттіліктері қарастырылуы қажет.

ҚР Президенттігіне Кандидат Мейрам Қажыкен Алматы қаласына барды.

Онда ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шараны кандидаттың Алматы қаласындағы штабы ұйымдастырды. Қатысушылар қатарында құқық қорғау органдары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің өкілдері, сенімді өкілдер мен қоғам қайраткерлері бар.

Тараптар сыбайлас жемқорлықтың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы кері әсерін, осы құбылысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі шетелдік тәжірибені талқылады.

Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінің (CPI) халықаралық рейтингінде Қазақстан төменгі қатарда тұр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша әлемнің 180 елінің арасында 102-ші орында болды.

Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті

 «Қатаң заңдар қажет. Және олар өз күшінде орындалуы керек. Сыбайлас жемқорлық әрекеттері- әр адамның сана сезіміне, мәдениетіне байланысты. Ал  оны  жеңу де дәл солай. тТек репрессия арқылы сыбайлас жемқорлықты жою мүмкін емес. Халыққа есеп беретін мықты  ашық азаматтық қоғам қажет. Яғни мықты азаматтық қоғам, тәуелсіз кәсіподақтар, кәсіпкерлер қауымдастығы және басқа да көптеген ұйымдардың күші бірігу керек. Сонда адамдар мемлекеттің келісімшарттарын, бюджетті, жер учаскелерін бөлу т.б. әрекеттерді бақылай алады», - деді М.Қажыкен.

Кандидат Жигули Дайрабаев Маңғыстау облысына келді. Ең алдымен кандидат Мұнайлы ауданында орналасқан «Сауқымбек» ұн тарту зауытының ұжымымен кездесті. Бірнеше жыл бұрын іске қосылған өндіріс ошағы жоғары сұрыпты ұн өндіріп, 70-ке жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Зауыт алдағы уақытта дайын өнімді экспорттауға ниетті. Алайда, кей кезде кәсіпорынға бидай жеткізкуде қиындықтар туындайды, вагондар тапшылығы байқалады.

Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті

«Қазақстандағы аграрлық сектордың негізгі бір саласы егін шаруашылығы екені белгілі. Еліміздің солтүстік, орталық өңірлеріндегі алқаптар тұтастай республиканы астықпен қамтамасыз етуге, тіпті, дәнді дақылдарды шет елдерге экспорттауға мүмкіндік беруде. Дегенмен ел ішінде туындаған осындай проблемалар кәсіпкерлердің жұмысына кері әсер етуде. Менің әрдайым айтатыным, адал еңбек етіп, халықты сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қаматамасыз ететін азаматтарымызға қолдау көрсетуіміз қажет. Қазақстанда тауарлар қорын құру стратегиясында азық-түлік нарығын дамыту және қауіп­сіздігін сақтау бәрінен бұрын им­портқа тәуелді емес, отандық өндіріс есебінен жүзеге асуы керек», – дейді Жигули Дайрабаев.

Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Атырау облысының тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді.

РҚШ мүшелері «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау зауытының ұжымымен кездесіп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасында көрсетілген елдің энергетикалық секторын дамыту жөніндегі шараларға назар аударды.

«Бүгін штаб мүшелері мұнай-газ, балық шаруашылығы салалары кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен, Атырау облысының жұртшылығымен және жастармен кездеседі. Біздің міндетіміз –  әрбір қазақстандыққа алдағы сайлаудың маңыздылығын жеткізу. Баршаны 20 қарашада сайлау учаскелеріне келіп, азаматтық борышын өтеуге шақырамыз. Бұл – еліміздің ертеңі үшін өте маңызды таңдау», - деді Республикалық қоғамдық штаб мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті

Мұнай-газ саласының ардагерлерімен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары сайлауалды бағдарламаның кәсіпорындардағы еңбек жағдайларын жақсарту және жалақыны арттыруға қатысты тармақтарына тоқталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға