Жаңалықтар

Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті

Бұл туралы штабтың баспасөз қызметі мәлімдеді
Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті
Фото: Штабтың баспасөз қызметі 10.11.2022 16:24 1448

 Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті, деп хабарлайды El.kz.

ҚР Президенттігіне кандидат Қарақат Әбденнің сайлауалды штабында ел өңірлеріндегі үгіт-насихат жұмыстарының нәтижелері  талқыланды.

Штабта мәлімдегендей, үгіт-насихат жұмыстары белсенді жүргізілуде. «Бүгінгі жиында сайлауалды жұмыстарының нәтижелері бойынша есеп берілді. Қарақат Әбден еліміздің 8 облысында 30-дан астам кездесу өткізді. Сайлаушылар тарапынан көптеген сауалдар мен ұсыныстар келіп түсуде. Өңірлік штабтар олардың барлығын бақылауға алған. Жалпы, сайлау – бұл демократиялық қоғамның көрінісі және сайлауалды штабтарына үлкен жауапкершілік жүктелген. Сондықтан сайлау мен үгіт-насихат жүргізу бойынша біз озық халықаралық тәжірибені саралай келе, жұмыстың ауқымын кеңейтіп жатырмыз. Біз үшін кандидаттың мықты саяси тұстарын көрсете білу маңызды. Бұл өз алдына үйлесімді ұжымдық жұмысты талап етеді. Сондықтан сайлауалды штабтарымызда өз ісін жақсы білетін мамандар, патриотттар мен мүддесі ортақ тұлғалар еңбек етуде. Бізді біріктіретін ортақ мақсат – ел игілігі үшін жұмыс істеу», - деп жеткізді кандидаттың баспасөз хатшысы Еламан Төлепберген.

Республикалық қоғамдық штабта сенімді өкілдер ҚР Президенттігіне кандидат Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы бойынша тренинг өтуде. Саяси менеджмент академиясы әзірлеген курс 14 қарашаға дейін жалғасады.

Тренинг Астана қаласында онлайн және барлық өңірлер үшін офлайн форматта өтуде. Оқуды Саяси менеджмент Академиясының директоры Данияр Мұқитанов, Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары Дәурен Базаров, Халықтық коалиция мүшелері, сондай-ақ Академияның штаттық жаттықтырушылары өткізуде.

Оқу бағдарламасында сайлауалды бағдарлама егжей-тегжейлі талданып, оның негізгі ережелері түсіндіріліп, Тоқаев жүргізген реформаларға шолу жасалады.

«Кандидаттың сенімді тұлғалары үгіт-насихат жүргізу барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформаларының мәнін дұрыс жеткізуі маңызды. Сайлауалды бағдарлама – жеке құжат емес, ол Тоқаевтың бұрын жүргізген реформаларының жалғасы. Сенімді өкілдер бағдарламаның мәнін өздері толық түсініп, оны сайлаушыларға дұрыс жеткізе алуы маңызды», - деп атап өтті Саяси менеджмент Академиясының директоры Данияр Мұқитанов.

Қатысушылардың бірі Дәурен Бекбаевтың айтуынша тренинг өте қызықты әрі интерактивті форматта өтуде.

«Біз сайлауалды бағдарламаны талқыладық. Тренер Қ.Тоқаевтың барлық реформасына толық шолу жасады. Өзім үшін көптеген жаңа дүниелермен таныстым. Әсіресе, сайлауалды бағдарламада жүзеге асырылып жатқан реформалар аясында талдау пайдалы болды. Президентіміз ұстанатын саясаттың біртұтастығына көз жеткіздім», - деді ол.

10 қарашада Астанада жеребе тасталды, шара барысында Президенттікке кандидаттардың теледебатында сөз сөйлеу тәртібі анықталды.  Ресми шараға барлық үміткерлердің штаб басшылары қатысып, реттік нөмірлерін таңдады.

 Жеребе нәтижесінде бесінші болып құқық қорғаушы Салтанат Тұрсынбекова сөз сөйлейтіні белгілі болды.  Пікірсайыс 11 қараша күні  сағат 20:00-де «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Онда үміткерлер сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, бір-біріне сұрақтар қояды, сондай-ақ қазақстандықтардың сауалдарына жауап береді.  Үміткерлерге сұрақ қойғысы келетіндер 10 қарашаға дейін телеарнаның арнайы электронды мекенжайына ұзақтығы 1 минуттан аспайтын бейнежазба жолдауы тиіс.

 Еске салайық, Салтанат Тұрсынбекова - қоғам қайраткері, құқық қорғаушы, екі баланың анасы.  Ол соңғы жылдары елімізде ең көп талқыланатын және резонансты тақырыптардың бірі – отбасындағы зорлық-зомбылықпен күресудегі көп жылғы қажырлы еңбегімен танымал.

 ҚР президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан кандидат Нұрлан Әуесбаев Казахская және Дүкенұлы көшелері қиылысында орналасқан елордалық жатақханада тұрғындармен кездесу өткізді.

Іс-шара барысында кандидат жиналған қауымға өзінің сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары жөнінде баяндады, сонымен бірге қоғамды алаңдатқан сұрақтарға жауап берді.

Қазақстанның сыртқы саясатына қатысты сауал да қойылды. Нұрлан Әуесбаевтың пікірінше, үкімет басқа мемлекеттер біздің есебімізден байып, адал емес бәсекелестікте зиян келтіруге тырысқан жағдайда қатаң ойын ережелерін орнатуға тиіс. Кандидат стратегиялық салаларда Қазақстан қалыпты протекционизмді ұстану қажет деп есептейді.

Бүгін ҚР Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаевтың сенімді өкілі, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов Қостанай облысына барды. Ол жергілікті халықты кандидаттың сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, «Ауыл» партиясының Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені мен ауылдық елді мекендерін дамыту мәселелеріне қатысты негізгі ұстынымдары туралы айтып берді.

Кандидаттың сенімді өкілі Қайрат Айтуғанов Қостанай ауданының Заречный кентінде орналасқан «Тарра» шаруа қожалығының қызметкерлерімен кездесті. Шаруашылық басшысы Владимир Семейкин «Тэрра» тауарлық және тұқымдық картоп, сондай-ақ қырыққабат, сәбіз, қызылша, пияз тәрізді көкөністер өндірумен айналысатынын айтты. Көкөністерді өндірудің тұқым отырғызудан бастап дайын өнімді сатуға дейінгі барлық үдерісі механикаландырылған, автоматтандырылған, мамандар бақылауымен жүзеге асырылады және жаңа технологиялардың барлық талабына жауап береді.

Бұдан кейін Қайрат Айтуғанов облыс фермерлерімен кездесу өткізді. Кездесуде ол ауыл шаруашылығын дамыту үшін жаңа мемлекеттік аграрлық саясатты әзірлеу қажет екеніне тоқталды. Оны агроөнеркәсіптік кешенді және ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2070 жылға дейінгі ұзақ мерзімді ұлттық стратегиясын әзірлеу және қабылдау арқылы жасауға болатынына және оның төрт негізгі бағытты қамтуы тиіс екеніне назар аударды.

«АӨК – ті дамытудың Ұлттық стратегиясына бірінші кезекте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сервистік-тұтыну кооперациясын ынталандыру негізінде ауыл шаруашылығының өндірістік инфрақұрылымын құру, екінші кезекте, түпкілікті нәтижеге бағытталған субсидиялау жүйесінен бастап ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау жүйесін реформалау қажет. Үшінші, фермерлерді салықтың барлық түрлерінен және ең бастысы, бүкіл тізбек бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, оны қайта өңдеу, азық-түлік тауарларын сату, экспорт және импорт тәрізді азық - түлік тауарларының айналымына қосылған құн салығынан босату керек. Төртінші бағыт - ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарын – жолмен, сумен және электрмен жабдықтау, газдандыру, интернет, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт объектілері жаңғырту қажет», - деді сенімді өкіл.

Кездесу соңында Қайрат Айтуғанов фермерлермен пікір алмасып, кандидат Жигули Дайрабаевтың сайлауалды бағдарламасы туралы сұрақтарына жауап берді

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға