Жаңалықтар

Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті

Бұл туралы штабтың баспасөз қызметі мәлімдеді
Президентікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті
Фото: Штабтың баспасөз қызметі 01.11.2022 16:39 1772

Президентікке үміткер Салтанат Тұрсынбекова, Мейрам Қажыкен,Жигули Дайрабаев, Нұрлан Әуесбаев және Қарақат Әбден үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында сайлаушылармен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы штабтың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Президенттікке үміткер Салтанат Тұрсынбекова оңтүстіктегі екінші өңір – Түркістан облысында болды.  Ол ең алдымен 1100-ге жуық адам еңбек ететін Кентау трансформатор зауытына барды.

«Зауыт – бұл ең алдымен жұмыс орны.  Сіз белгілі бір түпкілікті өнімді жасай отырып, маңызды жұмыс атқарыып жатасыз.  Сіздердің еңбектеріңіз елдің жалпы ішкі өнімінде тікелей көрініс тауып отыр.  Сіздер экономикалық белсенді халықсыздар.  Сіздердің еңбектеріңіз және әрқайсыңыздың еңбектеріңіз заң деңгейінде ешбір депутаттан немесе шенеуніктен кем емес қорғалуы тиіс.  Айта кету керек, зауытта жұмыс жасап жүргендер тек ер адамдар емес.  Кәсіпорынның жетістіктеріне әйелдер де үлкен үлес қосады», - деді кандидат.

Зауыттағы еңбек ұжымының статистикасына сүйенсек, барлық жұмысшылардың 30 пайызын әйелдер құрайды.

Салтанат Тұрсынбекова еңбек етіп жүрген азаматтардың өмірін жақсы жаққа өзгерткісі келетінін баса айтты.

ҚР Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкеннің үгіт-насихат жұмыстары Семей қаласында жалғасты. 

Алғашқы аялдама «Семей инжинеринг» зауыты болды. Айта кетейік бұл орын 1987 жылы  ашылғаннан бастап 2004 жылға дейін  «бронды жөндеу зауыты» деп аталған.

Кәсіпорын жұмысшыларымен кездесу барысында кандидат экономикалық реформалардың бір бөлігі ретінде ең төменгі жалақыны қалыптастыру тақырыбына толық тоқталды.

«Бүгінгі таңда ең төменгі жалақының қалай анықталатыны белгісіз. Мен оны индекстеуді ашық етіп қана қоймай, ЭЫДҰ (экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) дамыған елдерінің деңгейіне жеткізуді ұсынамын. Тиісінше ЕТЖ 60 мың теңгені емес, кем дегенде 150 мың теңгені құрайтын болады», - деп нақтылады М.Қажыкен.

Кандидат  азаматтық қоғам тақырыбына тоқтала отырып – бұл өз бағдарламасының негізгі бөлімі екенін атап өтті: «Мемлекет әрбір азаматқа өзін-өзі дамыту үшін қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктер жасауы керек. Азаматтың өзі әлеуметтік серіктестік, атап айтқанда кәсіподақтар, кәсіпкерлер қауымдастығы, азаматтық қоғам институттары арқылы өмір сүру жағдайларын өзгерте алатын процестерге қатысуы керек. Бұл біздің алға қойған мақсатымыз». Осылайша, үміткер әр адам өздерін лайықты жалақымен қамтамасыз ете алады. Бұл жерде мемлекет пен жұмыс берушілердің әлеуметтік қолдауына да ие болу керек деп қосты.

Қарақат Әбден тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшалар ашу мәселесін талқылады.

Президенттікке үміткер Қарақат Әбден Есік қаласының сайлаушылармен кездесу өткізді. Сайлауалды жиынға жергілікті тұрғындар, мектеп дейінгі білім беру мекемелерінің мамандары қатысты.

Жиын барысында үміткердің сайлауалды бағдарламасын таныстырылып, әлеуметтік сала, білім беру мен бала тәрбиесі жайлы өзекті сұрақтар көтерілді.

«Балалар қауіпсіздігі басты назарда болуы керек. Балалардың жағдайын жасау үшін күндіз-түні жұмыс істейтін ата-аналар бар. Бірақ олар көп жағдайда балаларын қалдырып кететін жер таба алмай қиналады. Сондықтан тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшалар ашу керек деп ойлаймын. Сайлаушылар тарапынан бұл мәселе қолдау тапты. Тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшаларды мемлекеттік балабақшалардың негізінде ашып, жұмыс уақытын ұзарту арқылы іске қосуға болады. Бұл шешімнің бірден-бір артықшылығы – мәселе шешімі үлкен қаражат жұмсауды қажет етпейді», - деп жеткізді Қ.Әбден. Үміткердің айтуынша, аталған сұрақ оның сайлауалды бағдарламасында да көрініс тапқан.

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Қарағанды облысында болып, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің қызметімен танысты. Ол кәсіпорын ғалымдарымен кездесіп, олардың елдің ғылыми саласын дамытуға қатысты пікірлерін тыңдады.

Холдингтің құрамына ғылыми кешеннің өзі орналасқан ботаникалық бақ кіреді. Алайда, кейбір мемлекеттік құрылымдар тұрғын үй алаптарын салу мақсатында ҒЗИ ботаникалық бағының жерлеріне көз тіккен сыңайлы. Соңғы  кездері сондай қауіп бар. «Ауыл» партиясы мен кандидат Жигули Дайрабаев ботаникалық бақтың болашағына алаңдаулы.

«Ботаникалық бақ, зерттеу орталығы сияқты, қазақстандықтар, әсіресе Қарағанды тұрғындары үшін маңызды нысан. Бұл жерлерді кәсіпорыннан қаланың келесі көпқабатты үйлері немесе тұрғын үй алаптарын салу үшін алуға болмайды. Мен ғылыми-зерттеу, ағартушылық және зерттеу мақсатында тірі өсімдіктердің коллекциялары зерттелетін және көрсетілетін аумақты жоюмен мүлдем келіспеймін. Технологиялардың дамуымен және адамзаттың жаңа жетістіктерімен өсімдіктерді және олардың ауруларды емдеудегі мүмкіндіктерін терең зерттеу бұрынғыдан да өзекті болып қала береді», – деді Жигули Дайрабаев.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан ҚР президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев Шымкент қаласы Қазығұрт шағын ауданында сайлаушылармен кездесу өткізді.

Жиын №66 мектептің акт залында өтті. Іс-шара барысында үміткер жиналған қауымға өзінің сайлауалды бағдарламасы жайында баяндап берді.

Аудитория алдында сөз сөйлеген Әуесбаев Қазақстандағы басты мәселе адал бизнесті тұншықтыратын, экономиканың дамуына жол бермейтін, халықтың әл-ауқатына кері әсер ететін жаппай сыбайлас жемқорлық екенін атап өтті.

Елде бенефициарлары қайта өңдеу салаларын дамытуға мүдделі емес корпоративтік, олигархиялық экономика қалыптасты. Нәтижесінде, Әуесбаев айтқандай, жекелеген адамдар байып, миллиондаған адам кедейшілік жағдайында өмір сүріп жатыр.

Сонымен қатар Нұрлан Әуесбаев тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде, 90-шы жылдары, көптеген ірі кәсіпорындардың күлкілі сомаға жекешелендірілгенін айтты. Сондықтан да ол өзінің сайлауалды бағдарламасында осындай компаниялардың акцияларын халыққа өткізу туралы мәселені қарастырады. Бұған IPO арқылы қол жеткізуге болады. ЖСДП-дан үміткер активтерді ұлттық экономиканың жаңа негізіне айналуы тиіс орта бизнес өкілдері арасында бөлу керек деп есептейді.

Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды бағдарламасында саяси реформалар жүргізу қажеттілігі туралы да айтылады. Елге тек олигархтардың ғана емес, халықтың әртүрлі топтарының қызығушылықтарын қорғайтын күшті бір палаталы парламент қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға