Жаңалықтар

Президентікке Үміткерлер еліміздің аумағында тұрғындармен кездесті

Үміткерлер сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды
Президентікке Үміткерлер еліміздің  аумағында тұрғындармен кездесті
Фото: kaz.elorda.info 30.10.2022 18:00 3016

ҚР Президенттігіне үміткерлер насихат жұмыстарын жүргізуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды El.kz.

Президенттікке үміткер Қарақат Әбденнің Семей қаласындағы сайлауалды кездесуі әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби мерекесімен  тұспа-тұс келді.  Жиын барысында президенттікке үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, әлеуметтік саланы жетілдіруге, қарияларға арналған жеңілдіктерді көбейтуге қатысты сұрақтар мен ұсыныстарды талқылады.

Еске салсақ, Қарақат Әбден бұған дейін Ақмола, Қарағанды, Павлодар облысының тұрғындарымен жүздескен еді. Алдағы уақытта оның Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының сайлаушыларымен кездесу өткізетіні мәлім.

2022 жылдың 30 қазанында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан ҚР президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев Ақмола облысы Қоянды ауылында болып, сайлаушылармен кездесті.

Кездесу барысында үміткер жиналғандарды өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Әуесбаевтың пікірінше, қатардағы қазақстандықтар жыл өткен сайын кедейлене түсуде. Азық-түлік бағасының ұдайы өсуі қалыпты жағдайға айналды. Қарапайым халықтың несиеге деген тәуелділігі күн санап күшейіп барады. Ұлттық банк болса, халықты емес, банкирлерді байытып, базалық мөлшерлемені жоғарылатуда.

Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Ақтөбе облысындағы үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда. Бүгін кандидат Хромтау ауданындағы «АКМЭЗ» ЖШС май экстракциялық зауытына барып, өндіріс ошағының тыныс тіршілігімен танысты.

Кездесу барысында Жигули Дайрабаев саланы дамыту үшін қолға алынуы тиіс бастамаларға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде аграрлық салада тепе-теңдік жоқ. Кезінде ішкі өңдеуді дамыту үшін шектеулер енгізілген.

ҚР Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкен облыстық сайлауалды штабтармен zoom-конференция өткізді. Үміткер үш облыста өткен сапар нәтижелері, республиканың ірі кәсіпорындарының қызметкерлері, студенттер, жас кәсіпкерлер және кәсіподақ мүшелерімен өткен кездесулер жайлы айтты.

Өз кезегінде, сенімді тұлғалар өңірлердегі штабтар жұмыстары туралы есеп берді. Онлайн-кездесу барысында сайлау науқанының барысы мен кандидаттың жоспарланған сапарларына қатысты бірқатар мәселелер көтерілді.
Күннің екінші жартысында М.Қажыкен кәсіподақтар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар әлеуметтік әріптестік, еңбек және әлеуметтік қатынастарды реттеу тақырыптарын талқылады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға