Жаңалықтар

Президент Каспийдегі итбалықтардың қырылу жағдайына тағы да тоқталды

Президент Каспийдегі итбалықтардың қырылу жағдайына тағы да тоқталды
29.06.2022 23:48 1609

Мемлекет басшысы Каспий саммиті барысында Каспий теңізінің экожүйесін сақтау ықпалдастықтың басты бағыттарының бірі екеніне тоқталды, деп хабарлайды EL.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, Каспий жағалауының экономикалық дамуы және миллиондаған тұрғындардың әл-ауқаты трансшекаралық суқоймасының табиғи ортасын сақтау міндетімен тығыз байланысты.

Жер қойнауын белсенді пайдалану және ресурстарды тасымалдау аймақ экологиясына қатер төндіруде. Бұдан бөлек жаһандық жылыну және осыған байланысты климаттың өзгеруі су ресурстарына қауіп төндіріп отыр. Ұзындығы бойынша Еуропада үшінші орында тұрған Орал өзенінің (Қазақстан аумағында Жайық деп аталады) жағдайы сын көтермейтіні осыған дәлел. Өзен суы деңгейінің  күрт төмендеуі, биоресурстардың азаюы және жағалаудағы өсімдіктердің деградацияға ұшырауы, сондай-ақ антропогендік ортаның ластануы байқалып отыр. Нәтижесінде соңғы жылдары өзеннің орташа жылдық ағысы үш есе азайды. Бұл уылдырық шашатын жайылма орындардың жағдайына және Каспий теңізінің бірегей балық ресурстарының көбеюіне кері әсер етуде. Біз елдерімізге ортақ су артериясында экологиялық апатты болдырмау үшін Ресей Федерациясымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, – деді Президент.  

Бұл мәселе бойынша қолдау көрсеткені үшін Ресей Президентіне алғыс айтқан Мемлекет басшысы өзара күш біріктіре отырып, Жайық өзенінің жағдайын жақсарту бойынша ортақ іс-қимыл жоспарын әзірлеуге шақырды. Одан бөлек Президент ортақ теңіздің экологиялық мәселелері жөнінде айта келе, Каспий итбалықтарының мүшкіл халі туралы да айтты.

Итбалықтардың қайта-қайта қырылуы үлкен қауіп төндіреді. Каспий итбалығы – жергілікті фаунадағы сүтқоректілердің жалғыз өкілі. Ол бүкіл теңіз аумағын мекен ететін трансшекаралық биоресурс саналады. Былтыр Қазақстан мен Ресей арасында Каспий итбалығының популяциясын сақтау жөніндегі бірлескен іс-қимылдың бес жылдық жоспарына қол қойылды. Бұдан бөлек 1974 жылдан бері Каспийдің солтүстігінде Қазақстан мен Ресейге тиесілі қорық аймақтары бар. Алайда Қызыл кітапқа енген осы бір жануарды сақтау мақсатында қабылданған шаралар әлі де жеткіліксіз. Сондықтан қазір біз қорық аумағын ерекше қорғалатын табиғат аумағы ретінде қайта құру мәселесін қарастырып отырмыз. Каспий маңындағы барлық мемлекетті Қазақстан мен Ресейдің бастамасын қолдауға және оған қосылуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға