Жаңалықтар

Президент БРИКС+ ұйымының жаһандық даму жөніндегі жоғары деңгейлі диалогына қатысты

БРИКС-тің 14-саммиті Қытайдың төрағалығымен өтіп жатыр
Президент БРИКС+ ұйымының жаһандық даму жөніндегі жоғары деңгейлі диалогына қатысты
Фото: Ақорда 24.06.2022 19:45 1733

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен БРИКС+ ұйымының жаһандық даму жөніндегі жоғары деңгейлі диалогына онлайн форматта қатысты, деп хабарлайды El.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«БРИКС елдері арасында жоғары деңгейдегі серіктестік қатынас орнату, жаһандық дамудың жаңа дәуірін құру» атты тақырыптағы БРИКС-тің 14-саммиті Қытайдың төрағалығымен өтіп жатыр.  

Қазақстан Президенті жиын қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, осы маңызды іс-шараға шақырғаны және ұйымдастырғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге ризашылығын білдірді.

– Қазақстан БРИКС-ті ықпалды ұйым әрі әлемдік экономиканың өсімін өрге сүйреп келе жатқан негізгі күштердің бірі ретінде қарастырады. Қазақстан БРИКС елдерімен қарқынды серіктестікті дамытуға мүдделі. Сондай-ақ былтыр бұл Ұйымға мүше елдермен арадағы тауар айналымы 45 миллиард АҚШ долларынан асты. Осыған орай алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыру үшін мол мүмкіндік бар, – деді Президент.

Президент БРИКС+ ұйымының жаһандық даму жөніндегі жоғары деңгейлі диалогына қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік даму жөнінде айта келе, қазір дүниежүзі бұрын-соңды болмаған геосаяси және экономикалық тұрақсыздықпен бетпе-бет келіп отырғанына назар аударды. Атап айтқанда, Президент азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің қиындап кеткеніне мән берді.

– Соңғы бірнеше айда әлемде азық-түлік мәселесіне қатысты жағдай күрделеніп кетті. Егер азық-түлік жеткізу желісінің бұзылуы жалғаса берсе, миллиондаған адамның өміріне қауіп төнеді. Бүгінде әлемдегі ең ірі азық-түлік өндірушілердің төрттен үші БРИКС елдері және осы Ұйымға мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы бойынша жалпы ішкі өнімі бүкіләлемдік өнімнің жартысынан астамын құрайды, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік дағдарысын тиімді еңсеру ісі оған төтеп беру жөніндегі қысқа және ұзақ мерзімді халықаралық шаралардың үйлесімді болуын қажет ететінін айтты.

– Қазақстан өзінің ауыл шаруашылығы саласындағы мол әлеуетін пайдалана отырып, осы игі іске үлес қосуға дайын. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін сату жүйесінің дұрыс жұмыс істеуін талап етеді. Бұл жұмыстар әділдік пен тепе-теңдік қағидатына негізделуі керек. Осыған байланысты жақында ғана Қазақстанның төрағалығымен өткен Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдер министрлерінің 12-конференциясы тиісті келіссөздерге жаңа саяси бағыт берді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлем бойынша инфляцияның қарқынды өсуі шешімін қажет ететін тағы бір өзекті міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, қаржы ахуалының нашарлауы қарызы көп мемлекеттерге, бизнес пен отбасылардың тұрмыстық жағдайына ауыр тиіп қана қоймай, жаһандық жеткізу желісінің бұзылуына әкеп соқтырады.

–  Қазақстан Шығыс пен Батыс, Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы «аралық нарық» ретінде пайдасын тигізе алады. Ұзақ мерзімді перспективада бізге ашық, әділ, өзара үйлесімді әрі орнықты жаһандық экономиканы сақтап қалу керек. Бұл ретте, өсім мен өзара байланыстылықтың жаңа дәуіріне жол ашатын БРИКС+ және «Бір – белдеу, бір – жол», сондай-ақ Үлкен Еуразиялық серіктестік бастамаларының мол әлеуеті бар екенін көріп отырмын, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы климаттың өзгеруіне қатысты мәселеге тоқталып, 2060 жылға қарай көміртегіне бейтараптыққа қол жеткізу үшін Қазақстанның қабылдаған міндеттері туралы айтты. Президент еліміздің энергетикалық балансына атом энергетикасын қосу жоспарына тоқталды. Осы ретте, техникалық көмек және климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі әлеуетті күшейту саласы бойынша БРИКС елдерімен тығыз ынтымақтастық орнатуға бейілді екенін растады.

Мемлекет басшысы халықаралық институттардың жаһандық сын-тегеуріндермен күресте жалғыз механизм болып отырғанын атап өтіп, көпжақты дағдарысқа және жаһандық басқаруға баса мән берді. Оның айтуынша, жаһандық серіктестіктің жаңа түрлерін өзара тиімді диалогқа алмастыру қажет. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев «Адамзаттың біртұтас тағдыры қоғамдастығы» тұжырымдамасын және Төраға Си Цзиньпин ұсынған Жаһандық қауіпсіздік және Жаһандық даму бастамаларын құптады.

Президент БРИКС+ ұйымының жаһандық даму жөніндегі жоғары деңгейлі диалогына қатысты

Президент Орнықты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізудің маңызды екеніне назар аударды.

–  БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Саммитті келесі жылы шақыру арқылы БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі күн тәртібін жүзеге асыруға күш салу жөніндегі белсенділігін құптаймын. Біз барлығын, әсіресе, әйелдерді, жастар мен балаларды, егде адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды ескерусіз қалдырмай, өз міндеттемелерімізді нақтылауымыз қажет. БРИКС+ елдері Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы алшақтықты қысқартуға және дамудағы теңсіздікті жоюға өз үлесін қоса алар еді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға дейінгі күн тәртібін жүзеге асыру аясында аймақтық ықпалдастықтың маңызды екеніне баса мән берді.

– Біз Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстанның орнықты дамуын көздейтін БҰҰ Орталығын ашу жөніндегі идеяны ілгерілете береміз. Су, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты аймақтағы ушығып келе жатқан қатермен күресуіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сөзін қорытындылай келе, әрбір дағдарыстың қауіпті жағы да, мүмкіндігі де бар екенін атап өтті.

– Бұл жерде біз адамдардың мүддесі бәрінен жоғары деген адамгершілік қағидатын басшылыққа алуға тиспіз. БРИКС плюс платформасы осы игі іске лайықты үлесін қосады деп сенемін. Қазақстан өзінің ұлттық мүдделерін жаһандық міндеттемелермен үйлестіруге толық әзір, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Іс-шараға Қазақстан мен Қытай көшбасшыларынан бөлек Ресей Президенті Владимир Путин, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди, ОАР Президенті Сирил Рамафоса, Бразилия Вице-президенті Амилтон Моурао, Алжир Президенті Әбделмәжид Теббун, Аргентина Президенті Альберто Фернандес, Мысыр Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сиси, Индонезия Президенті Джоко Видодо, Иран Президенті Ибрахим Раиси, Сенегал Президенті Маки Салл, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Малайзия Премьер-министрі Исмаил Сабри Якуб, Таиланд Премьер-министрі Прают Чан-Оча, Камбоджа Премьер-министрі Хун Сен, Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмед Әли, Фиджи Премьер-министрі Джосайя Вореке Байнимарама қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға