Жаңалықтар

Президент Үкімет жұмысына орташа деп баға берді

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отырысында бірқатар мәселені атады
Президент Үкімет жұмысына орташа деп баға берді
Фото: Ақорда 14.07.2022 13:45 1808

Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі бірқатар проблеманы ақтарып, Үкіметті сынады. Әр саладағы түйіткілді мәселенің оңтайлы шешімін шығаруды тапсырды, деп хабарлайды El.kz

Жиын барысында Президент Ұлттық банкке инфляцияны тұрақтандыруды тапсырды.

- Халықаралық институттар әлемдік экономика қарқыны бәсеңдейді деген болжам айтуда. Соған сәйкес инфляция жаппай өсуі мүмкін. Өңірлік дағдарыстың ұзаққа созылып бара жатқанын байқап отырмыз. Тіпті, бұл ахуал жаһандық тоқырауға ұшыратады деген қауіп бар. Осындай жағдайда Үкіметтің және Ұлттық Банктің негізгі міндеті – инфляцияны тұрақтандырып, азаматтардың табысын арттыру болуға тиіс. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, инфляцияны тұрақтандыру қажет.

- Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2%-ға жетті. Жалпы, азық-түліктің кейбір түрі бірден 80%-ға қымбаттады, деді ҚР президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы шаруа қожалықтарына ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берілуі керек. Мұндай мүмкіндік олардың жұмысын жандандырып, салаға инвестиция тартуға жол ашатынын айтты.

- Отандық тауардың сауда орындарына кедергісіз шығарылуын қамтамасыз ету керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондай-ақ, өнімге қосылатын бағаны нақты белгілеп, арада жүрген саудагерлер санын азайту қажет. Ол үшін, ең алдымен, жедел түрде тиісті заңнамалық шараларды қабылдауымыз керек. Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп, «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық жобасын бастау үшін ұсыныстар әзірлеуге тиіс, деді Мемлекет басшысы.

Президент жол мәселесіне сыни пікірін айтты. Автожол инфрақұрылымы саласындағы түйткілді мәселеге тоқталды.

- Биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Жөндеу жұмыстарын созбалаңға салуға болмайды. Жобаларды жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алу қажет. Жол сапасына айрықша назар аудару керек. Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес, деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда жол құрылысына қажетті материалдың бәрі бар. Бірақ, отандық өндірістің әлеуеті толық қолданылмайды.

- Елімізде битум өндіретін үш зауыт бар. Соған қарамастан, 200 мың тонна битум жетіспейді. Құрылыс қарқынды жүрген кезде оның бағасы үш есе, яғни бір тоннасы 90 мыңнан 250 мың теңгеге дейін қымбаттайды. Үкіметке жол құрылысына қажетті ресурстарды өндіру және тұтыну барысын мұқият саралауды тапсырамын. Соның негізінде құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындар ашу қажет. Ал, жұмыс істеп тұрған нысандарды жаңғырту керек, деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы жобаларды жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алу қажеттігін баса айтты.

- Жолдың сапасына айрықша назар аудару керек. Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Тіпті басқа жерді айтпағанның өзінде, Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау құрақ көрпеге ұқсайтын болды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жол мәселесінлегі тағы бір өзекті мәселе – жол бойында заманауи қызмет көрсету ісін ретке келтіру керектігін баса айтты.

- Қазір елімізде осындай 1600 нысан бар. Оның 68 пайызы ғана ұлттық стандартқа сай келеді. Транзит тұрғысынан өте маңызды Түркістан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарындағы жағдай өте нашар, - деді.

Сондай-ақ, президент үкіметке ішкі экономикалық ресурстарды жұмылдыратын жаңа тәсілдер әзірлеуді тапсырды. Айтуынша, халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын түбегейлі қайта қарау керек.

- Біз тарихи Отанына оралған қандастарды толық қолдаймыз. Бірақ, тек Маңғыстау өңірімен шектелуге болмайды. Басқа облыстарға, соның ішінде өндірісі дамыған аймақтарға қоныстануға болады. Біз қажетті жағдайды жасауға дайынбыз, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент балалар арасындағы зорлық-зомбылық мәселесіне тоқталып, әрбір баланың құқықтарын қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспар қажет екенін айтты.

- Мен осы жылды Балалар жылы деп жарияладым. Бірақ, соңғы жылдары мектеп қабырғасында зорлық-зомбылықтың көбейіп кеткені алаңдатады. Оның үстіне, толық жабдықталған мектептердің 65 пайызында, яғни 3 мың мектепте бейнебақылау жүйесі талапқа сай емес, кейде мүлдем жұмыс істемейді. Жалпы, еліміз бойынша балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуы, яғни суицид азайды. Дегенмен, Алматы, Жамбыл, Қостанай және Маңғыстау облыстарында мұндай оқиғалар көбейіп барады.Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға, суицидтің алдын алуға, әрбір баланың құқықтарын қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспар қажет, - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы тағы бір түйткілді мәселе жекеменшік балабақшаларда балаларды ұрып-соғу деректері барын айтты. Сонымен қатар, жұмыс істемейтін балабақшаларға қаржы бөлу көбейген. Мұның бәрі олардың қызметі ашық емес екенін, азаматтық жауапкершілігі жоқтығын көрсетеді. Басқаша айтқанда, қоғам талабына сай емес.

- 2011 жылы балабақшалардың лицензия бойынша жұмыс істеу тәртібін тоқтаттық. Мемлекет бұл қадамға амалсыздан барды. Өйткені, мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен барынша қамтуымыз керек болды. Бұл ретте, жеке сектордың әлеуетін пайдалану маңызды еді. Нәтижесінде 2 және 6 жас аралығындағы балалардың 88 пайыздан астамы балабақшамен қамтылды.Енді қызмет көрсету сапасын арттыратын кез келді. Үкімет осы мәселені мұқият қарастыруы керек. Лицензиялау тәртібін қайта енгізу, ең алдымен, мемлекетке емес, қоғамға қажет шара. Өйткені, басты мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, - деді Президент.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласындағы түйіткілді проблемаларға тоқталды.

- Үкіметтің басты міндетінің бірі – ана мен баланың денсаулығын сақтау. Өкінішке қарай, сәбилердің өлімі көбейді. Ана өлімі де өсуде. Мен перинаталдық қызметтің жай-күйін тексеруге тапсырма бердім. Оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдануы керек еді. Бірақ, барлық жұмыс аудит деңгейінде тоқтап қалды. Қазіргі перзентханалардың көбі халықаралық стандарттарға сай емес. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдап, осы мәселені шешу қажет. Жалпы, денсаулық сақтау саласы туралы айтар болсақ, мұнда түйткілді мәселелер көп.Қазақстанда созылмалы ауру салдарынан қайтыс болу көрсеткіші өте жоғары. Әсіресе, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырғанда біздегі ахуал өте нашар, - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындауы керек екенін айтты.

- Медицина саласына бөлінген қаржы көлемі артқанымен, мұнда қордаланған мәселелер шешімін таппай отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады, нақты нәтиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды, - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, президент денсаулық сақтау жүйесіндегі цифрландыру өте баяу жүріп жатқанын сынға алды.

- Денсаулық сақтау саласында 40-тан астам ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Әр жүйенің өз кемшіліктері бар. Министрлік болса, жауапкершіліктен қашып, нақты шешім қабылдамай отыр. Ал, мұның зардабын дәрігерлер мен азаматтар тартуда. Үкімет осы мәселені тез арада шешуі керек, - деді Президент.

Сондай-ақ, короновирус инфекциясының соңғы екі аптада 30 пайызға артқан. Алматы “қызыл” аймаққа қайта кіру қауіпі бары айтылды.

- Мекемеаралық комиссияның жұмысын күшейту қажет. Сондай-ақ, ревакцинация науқанын жандандырған жөн. Бұл жұмыста ешқандай асыра сілтеу болмауы керек. Шағын және орта бизнестің мүддесін ескерген абзал, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жыл соңында жастарды жұмыспен қамти алмаған өңірлер әкімдерінің жұмысына қорытынды берілуі мүмкін екенін мәлімдеді.

- Қазіргі таңда жастарды жұмыспен қамтуға баса назар аударатын кез келді. Жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңға жуық жас шығады. Елімізде өскелең ұрпақтың өзін-өзі дамытуына жағдай жасалып жатыр. Бірақ, нақты шараларға қарамастан, жастарды жұмыспен қамту мәселесі толық шешілмей келеді, - деді Президент.

Үкімет отырысында президент Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялады.

– Біз қант импортына 90 пайыз тәуелдіміз. Бұл жерде Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы шешімге сілтей салуға болады. Бірақ қандай жағдай болсын, бұл Үкіметтің елеулі қателігі. Демек, мемлекеттің мүддесін қорғай алмадық. Сондықтан министрлер Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаймын, – деді Президент.

Сондай-ақ, Серікқали Брекешев киіктердің мәселесін шеше алмағаны үшін Президенттен сөгіс алды.

– Қаржы бөлінді. Алайда, бұл маңызды міндет әлі орындалмады, сылтау көп. Бұл ретте, біліктілік жоқ па, әлде қасақана орындалмай отыр ма? Орындаушылар үшін түбі жақсылыққа апармайтынын ескертемін. Бұл, ең алдымен, тиісті министрлікке, сондай-ақ басқа да министрліктерге қатысты. Министрге сөгіс жариялаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қорыта келгенде, Президент Үкіметтің жұмысына орташа деген баға берді. Үкіметтің жұмыс қарқынын барынша күшейту қажет екенін айтты.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға