Алматы қаласының әкімдігі

Президент үздік 50 мұғалімнің қатарына енген алматылық педагогті құттықтады

28.01.2026 10:31

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласындағы №95 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусованы Global Teacher Prize халықаралық байқауының қорытындысы бойынша әлемдегі ең үздік 50 педагогтің қатарына енуімен құттықтады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Президенттің айтуынша, бұл жетістік – ұстаздың өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру жолындағы ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесі.

Бұл жоғары баға – Сіздің жас ұрпақты тәрбиелеу мен озық білім беру ісіне сіңірген қажырлы еңбегіңіздің жемісі. Біздің мақсатымыз – зияткер ұлтқа айналу. Сондықтан мемлекет әрдайым мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, оларды жан-жақты қолдайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Татьяна Белоусова – педагог-шебер, «Қазақстан мұғалімі – 2024» құрметті атағының иегері. Оның кандидатурасы бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өтті: сауалнама тапсыру, қосымша материалдарды ұсыну, сарапшылардың бағалауы және финалдық іріктеу.

Әлемнің үздік 50 мұғалімінің ресми тізімі 2025 жылғы 15 желтоқсанда Global Teacher Prize байқауының ресми сайтында жарияланды. Финалистерді марапаттау рәсімі 2026 жылғы 1-5 ақпан аралығында Дубай қаласында халықаралық білім беру форумы аясында өтеді.

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстан бұл байқауға бесінші рет қатысып отыр. Осы уақыт ішінде ел өкілдері үш мәрте әлемнің үздік 50 мұғалімінің қатарына енген, оның ішінде биылғы нәтиже де бар.

Алматы қаласы әкімдігінде Татьяна Белоусованы тәжірибелі педагог, білім беру саласына сүбелі үлес қосып жүрген білікті маман ретінде атап өтті.