Жаңалықтар

Президент Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековті қабылдады

Президент Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековті қабылдады
Фото: Akorda.kz 16.01.2024 12:50 1005

Мемлекет басшысына Шымкент қаласының 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берілді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ғабит Сыздықбековтің баяндамасынан:

былтырғы қорытынды бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 26% артып, 724,3 млрд теңгені құрады. Былтыр 1 млрд 51 млн теңгенің өнеркәсіптік өнімі өндірілді. Құрылыс саласы айтарлықтай жанданып, 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді;

өңірде өнеркәсіп саласын дамыту үшін жалпы аумағы 867 гектар болатын 5 өндірістік аймаққа инфрақұрылым тарту жұмыстары қолға алынып, инвестициялық жобалардың пулы жасақталған;

қазір 128 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 16,4% көп. Кәсіпкерлікті дамыту үшін 3498 жобаға жалпы сомасы 19,8 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген;

қалада жаңа әуежай терминалының құрылысы және теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде;

шаһарда «Ізетті зейнеткер» сауықтыру орталығы, Конгресс холл, Үстел теннисі кешені және жаңа ипподром сияқты нысандар салынған;

былтыр үш мектепке қосымша ғимарат, Оқушылар сарайы және Балаларға арналған шығармашылық орталық ашылған;

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 28 мың оқушыға арналған 18 білім беру мекемесінің құрылысы басталған;

233 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, үлкен жолайырық пайдалануға берілген;

қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында биыл қала көшелеріне 3000 бейнебақылау камерасын орнату, 1000-ға жуық көшені жарықтандыру жоспарланған. Соңғы жылдары мұндай жүйелі шараның нәтижесінде қылмыс саны 33% азайған;

жылдар бойы қараусыз қалған бұрынғы Фосфоршылар сарайы қала балансына қайтарылды. Орталықтағы «Спутник» гүлзары мемлекет меншігіне өтіп, демеушілер есебінен қайта абаттандырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ғабит Сыздықбековке қала экономикасын одан әрі әртараптандыру, қосымша инвестиция тарту, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға