Жаңалықтар

Президент Қонаев қаласын дамытуды тапсырды

Президент Қонаев қаласын дамытуды тапсырды
Фото: inform.kz 14.03.2023 18:39 796

Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

Президентке өңір экономикасының өсімін қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасы мен табысын арттыру, сондай-ақ жаңа облыс орталығын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы есеп берілді.

Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, былтыр облыста әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі саласы бойынша тұрақты өсім көрсеткіші сақталған. 37,2 мың жұмыс орны ашылған. Оның 26,3 мыңы – тұрақты жұмыс.

Мемлекет басшысына өңірде су тасқынына қарсы іс-шараларды іске асыру, тұрғындар мен шаруашылық нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және табиғи апаттар салдарынан болатын залалды мүмкіндігінше азайту жөнінде мәлімет берілді.

Президентке облыс орталығын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді даму жоспарының әзірлену барысы туралы баяндалды.

Әкім көктемгі егін егу жұмыстарына, саяжай алаптары жөніндегі түйткілдердің шешілуіне, инженерлік инфрақұрылымның реконструкциясына және ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтаруға қатысты мәселелер туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қонаев қаласын дамыту жоспарын пысықтау жөніндегі жүйелі жұмыстарды жалғастыруды, сондай-ақ облыс аумағын кешенді дамыту міндеттерін жүзеге асыруды тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға