Жаңалықтар

Президент Лисаков қаласындағы «Алақай» орталығының жұмысымен танысты

Бұл туралы Ақорда мәлімдеді
Президент Лисаков қаласындағы «Алақай» орталығының жұмысымен танысты
Фото: Ақорда 21.01.2023 19:25 1024

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайға жұмыс сапары барысында Лисаков қаласындағы балаларға арналған «Алақай» отбасылық демалыс орталығына барды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Мұнда балаларға арналған батут орталығы, тұз шахтасы, сондай-ақ әртүрлі ойын-сауық, демалыс орындары қарастырылған. Орталық директоры Любовь Захарова ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек етіп келе жатқанын және өзінің жеке кәсібін 2014 жылы 180 балаға арналған жекеменшік «Балақай» балабақшасын ашудан бастағанын айтты. Қазір «Алақай» орталығы жанынан аквапарк құрылысы жүріп жатқанын, келешекте өрмелеу алаңы, жазғы лагерь секілді жобаларды жүзеге асырғысы келетінін жеткізді.

Сіз өте дұрыс кәсіппен айналысып жатырсыз  деп ойлаймын. Лисаков қаласының, жалпы алғанда, жағдайы жақсы. Бұл орайда бұрынғы қала басшыларының да, сіз сияқты қала тұрғындарының да сіңірген еңбегі зор. Әрине, бұл – өте табысты кәсіп болмағанымен, халықтың қажеттілігіне бағдарланған бизнес. Сондықтан қала және облыс басшылығы сізге қолдау көрсетеді деп үміттенемін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев  ұзақ жылдар бойы білім беру жүйесінде адал еңбек етіп, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне елеулі үлес қосқаны үшін Любовь Захарованы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен және «Алтын барыс» төсбелгісімен  марапаттады.

Президентке Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов таяу жылдары Қостанай қаласында Үстел теннисі орталығы, ал сегіз ауылда дене шынықтыру-сауықтыру орталығын салу  жоспарланып отырғанын баяндады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев орталықта Қостанай облысының белсенді жастарымен  әңгімелесті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға