Президент ҚХА-ның жаңа тұжырымдамасын бекітті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 15 қыркүйектегі Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы бекітілді, деп хабарлайды El.kz.
Құжатқа сәйкес, Ассамблея Қазақстанда мәдениеттердің, тілдердің, халық дәстүрлерінің алуан түрлілігін мойындай отырып, интеграцияланған азаматтық қауымдастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді, елдің даму басымдықтары айналасында қоғамның топтасуы мен бірлігіне ықпал етеді.
Сондай-ақ ҚХА бұдан әрі де азаматтық бірегейлікті қалыптастырудың және қоғамдық келісімнің конституциялық қағидатын іске асырудың негізгі тетігі, мемлекет пен азаматтық қоғамның үнқатысу алаңы болады.
«Тұжырымдама бірінші кезекте Ассамблеяның Қазақстан қоғамындағы бейбітшілік пен келісім саясатын қамтамасыз етудің негізгі идеологиялық тетіктерінің бірі ретінде жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған», делінген құжатта.
Тұжырымдама этностардың кірігуі, қазақстандық бірегейлік пен жалпыұлттық бірлікті дамыту, қоғамда бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету салаларында қоғамда мемлекеттік саясат қағидаттарын түсіндіру және іске асыру бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыруға бағытталған.
«Этносаралық қатынастар саласын одан әрі дамытуды Ассамблеяның барлық институттарын жан-жақты жаңғырту, сондай-ақ олардың қазақстандық қоғамның рухани жаңаруына белсенді қатысуы арқылы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы ҚХА рөлін күшейту тұрғысынан жүзеге асыру жоспарлануда», - делінген құжатта.
Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі қағидаттары:
- Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы;
- Халық пен мемлекет мүдделерінің басымдығы
- Шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушілікке жол бермеу.
Атап өтілгендей, бұл қағидаттар этносаралық саладағы мемлекеттік саясаттың жалпы қағидаттарына сәйкес келеді және келесі ережелермен толықтырылады:
- Азаматтық қоғам мен мемлекеттің сенімі мен өзара іс-қимылына негізделген қазақстандық патриотизм;
- Мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлі;
- Ұлтты ұдайы жаңғырту, «Әралуандықтағы бірлік» идеясын дамыту және саяси ойлаудың жаңа формаларын енгізу;
- Барлық этникалық топтардың ортақ құндылықтары мен мүдделеріне негізделген интеркультурализм.
Құжатты іске асырудың басты нәтижелері Ассамблея институтын одан әрі дамыту, табысты жаңғыртудың және мемлекет дамуының стратегиялық міндеттеріне қол жеткізудің негізгі факторлары ретінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау болуы тиіс деп күтілуде.