Президент фонограмма қолдануды шектеу туралы заңға қол қойды
Мемлекет басшысы мәдениет, білім, отбасы саясаты және мемлекеттік бақылауға қатысты бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді көздейтін заңды бекітті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Құжат аясында: жер, бюджет, кәсіпкерлік кодекстеріне, «Неке және отбасы туралы», «Халық денсаулығы туралы» кодекске, сондай-ақ «Тіл туралы», «Бала құқықтары туралы», «Мәдениет туралы», «Білім туралы» және «Педагог мәртебесі туралы» заңдарға түзетулер енгізілді.
Заңдағы бірінші бағыт - жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтық қорғалуын арттыру. Енді бала асырап алу немесе қамқоршылық/қорғаншылық белгілеу кезінде ең алдымен туыстарына басымдық беріледі. Егер жақын туыстары болмаса, ресми некеде тұрған адамдарға артықшылық беріледі.
Екінші блоктағы өзгерістер бойынша балалардың тамақтануы, тұратын жері, емделуі, оқуы, тәрбиесі және сауықтыруы бюджет есебінен қамтамасыз етілетін ұйымдарға қатысты санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау «Халық денсаулығы туралы» кодекс пен «Бала құқықтары туралы» заң шеңберінде жүргізіледі. Бұл нормалар Кәсіпкерлік кодекстен алынып тасталады.
Үшінші бағыт білім беру саласына қатысты. Енді техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының қызметі Оқу-ағарту министрлігі бекітетін рейтингтік бағалау әдістемесіне сай сараланатын болады. Ал жоғары оқу орындары мен магистратура/докторантура ұйымдарын бағалау ережелері Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан анықталады.
Төртінші блок мәдениетке қатысты маңызды жаңашылдықтарды қамтиды. Ең елеулісі - концерттерде фонограмма қолдануға тыйым салынуы. Бұл талап телеарналарға арналған жазбаларға немесе концерт өткізуге бейімделмеген орындарға қолданылмайды.
Сонымен қатар, кез келген шығарманы медиа платформаларда немесе интернетте жария түрде қолдану кезінде автордың аты-жөнін көрсету міндеттеледі.
Кітапханалардың қорын толықтыру және сақтау мәселелері енді жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне беріледі.

