Жаңалықтар

Президент елорданың индустриялық паркіндегі жетекші кәсіпорындармен танысты

Президент елорданың индустриялық паркіндегі жетекші кәсіпорындармен танысты
Фото: Ақорда 15.12.2023 12:04 911

Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың маңызды нысандарын аралауды, алдымен, №1 Индустриялық парктен бастады. Мұнда Мемлекет басшысына елорданың инвестициялық тартымдылығы жөнінде мәлімет берілді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың баяндауынша, алғашқы жартыжылдықта елорданың аймақтық жалпы өнімінің көлемі 4,7 триллион теңгені құраған. Өсім көрсеткіші – 4,1 пайыз. АЖӨ құрылымындағы үлестің басым бөлігі, яғни 73 пайыздан астамы шағын және орта бизнеске тиесілі. Ал инвестицияның үлесі – 11,5 пайыз.

Инвестиция тарту ісінде №1 Индустриялық парк айрықша рөл атқарады. Мұнда жалпы инвестиция сомасы 322 миллиард теңге болатын 100 жоба жүзеге асырылып жатыр. Парк өндіріс ауқымы жағынан республикада бірінші орын алады. Іске қосылған сәттен бері өндіріс алаңында 6,7 триллион теңгенің өнімі шығарылған.

Президент елорданың дамуына ірі өндіріс орындары аса қажет екенін айтты.

Астана халқының саны өсіп келеді. Таяу жылдары 1,5-2 миллион адамға жетуі мүмкін. Сондықтан тұрғындарды, жастарды жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Индустриялық парктегі кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, олардың шығаратын өнімдері ішкі нарықта да, одан тысқары жерлерде де сұранысқа ие

«ВМП Астана» зауыты шығаратын коррозияға төзімді әрі өрттен қорғайтын лак-бояу жабындылары өнеркәсіптің түрлі секторында кеңінен қолданылады. Өнімнің 90 пайыздан астамы Ресейге экспортталады, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстан нарықтарына да шығарылады.

Елорданың құрылыс индустриясындағы жоғары сұраныс «ЭНКО» компаниясының жылумен және сумен қамтамасыз етуге арналған құрылғыларға қызмет көрсететін өндіріс-сервис кешенін ашуына ықпал етті.

Түркиялық «MFA MASKE TİCARET SANAYİ A. Ş» компаниясымен бірлесе шығарылатын FFP1, FFP2 және FFP3 санатындағы респираторлар да эпидемиялық қауіп күшейген кезеңде сұранысқа ие бұйымға айналды. Қазіргі таңда №1 Индустриялық парктің резиденті – «MFA International» компаниясы технологиялық өндірістік желілердің санын беске дейін арттырды. 2027 жылға дейін 10 өндіріс желісін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл компанияға жылына 20 миллион респираторға дейін өндіруге мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «DUYQAZ» ЖШС шығаратын әскери киім, «Cuman Digital System Servis» ЖШС өндіретін телекоммуникация құрылғыларының үлгілерімен, сондай-ақ басқа да компаниялардың өнімдерімен танысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға