Ақорда

Президент: депутат санын тым көбейтудің қажеті жоқ

Елдегі парламенттік құрылымға қатысты жаңашылдықтар туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерімен өткен диалог алаңында мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қазіргі таңда қос палатадан тұратын Парламентте 148 депутат бар. Президенттің айтуынша, жаңадан қалыптасатын бір палаталы заң шығару органында мемлекет басшысының квотасы қарастырылмайды.

Меніңше, депутат санын тым көбейтудің қажеті жоқ. Керісінше, оңтайландыру керек, Парламенттің жұмысын жетілдіру қажет. Мысалы, бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайды. Барлық депутаттар бірдей тәртіппен сайлануы қажет. Бұл - алдағы Парламенттік реформа аясында жасалатын аса маңызды қадам. Мұны жақсы ұғынып, жұртшылыққа кеңінен түсіндіру қажет, - деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев парламенттік реформаның мәні тек екі палатаны біріктіріп қоюда емес екенін ерекше атап өтті. Оның сөзінше, жаңартылған Парламентке саласы бойынша терең тәжірибесі бар, құзыретті мамандар келуі қажет. Жаңа құрам заң шығаруда кәсіби деңгей мен жауапкершілікті арттыруға бағытталмақ.