Жаңалықтар

Президент «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасын қабылдады

Президент «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасын қабылдады
Фото: t.me/aqorda_resmi 22.02.2024 17:17 1172

Мемлекет басшысына холдингтің былтырғы атқарған жұмыстарының нәтижелері мен биылғы қызметінің стратегиялық бағыттарын іске асыру жоспары жөнінде есеп берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Рустам Қарағойшиннің айтуынша, «Бәйтеректің» бизнесті қолдау ісіне қосқан жалпы үлесі шамамен 2,5 триллион теңгені құрайды. Компания экономиканың орнықты әрі сапалы дамуын қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым, көлік және логистика, сондай-ақ тұрғын үй құрылысы сияқты перспективті салаларға басымдық беріп, оларды кешенді түрде қаржыландыруға күш салуға ниетті.

Сонымен қатар Президентке компанияның бәсекеге қабілетті кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған жоспары туралы баяндалды. Басты мақсат – Қазақстанның барлық өңірінде шағын, орта және ірі бизнес жобаларын қаржыландыру көлемін ұлғайту. Шағын және орта бизнес бағыты бойынша шағын және моноқалалардағы, сондай-ақ ауылдардағы кәсіпкерлерге белсенді қолдау көрсетіледі.

Мемлекет басшысы аталған бағыттардағы жұмысты жандандыру маңызды екенін атап өтіп, жүктелген міндеттердің жоспарлы орындалуы еліміздің экономикасын нығайтуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға айтарлықтай мүмкіндік беретінін айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға