©El.kz/Артем Чурсинов

Президент «Бағанашыл» балалар үйіне қатысты жағдайға назар аударды

21.07.2025 12:00

Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру туралы ақпарат қоғамда қызу талқыланып, әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Желіде тараған бейнежазбадан кейін бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей назар аударды. Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Мемлекет басшысының тапсырмасымен балалар үйін көшіру жұмыстары тоқтатылғанын хабарлады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар үйі көшірілмейді. Аталған жағдайға байланысты Президент Әкімшілігі қызметтік тексеріс жүргізеді, – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қоғам белсендісі Аружан Саинның айтуынша, балалар үйі орналасқан аумақ – Алматы қаласындағы ең қымбат жерлердің бірі. Ол бұл мәселеге қатысты өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдіріп, соңғы жылдары аталған мекеме орналасқан жер телімін босатуға бірнеше рет әрекет жасалғанын атап өтті.

Халықтың араласуы мен азаматтық белсенділіктің арқасында балалардың құқығы бірнеше рет қорғалып қалды, – деді Саин.

Қазіргі таңда бұл жағдайға байланысты тиісті органдар тарапынан қызметтік тексеріс басталды.