Президент атынан мемлекеттік БАҚ қызметкерлеріне пәтер кілті табысталды
БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында еліміздің жетекші мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп жүрген журналистер мен басқа да қызметкерлерге пәтер сертификаттары салтанатты түрде табыс етілді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Qazaqstan» РТРК» АҚ, «Хабар» агенттігі» АҚ, ҚР Президентінің Телерадиокешені, «Qazcontent» АҚ және «Қазақ газеттері» ЖШС қызметкерлеріне пәтер кілтін Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары - Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай тапсырды.
Ол әріптестерін мерекемен құттықтай отырып, олардың отандық журналистиканы дамытуға елеулі үлес қосып жүргенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесіне айрықша көңіл бөлетінін айтты. Сондықтан Президент еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін қолдау жөнінде шешім қабылдағанын жеткізді.
Пәтер сертификатына ие болған БАҚ саласының 65 қызметкері елордада жаңадан бой көтерген зәулім үйлердің біріне жуырда қоныстанады.