Жаңалықтар

Президент Ассамблеяның қажеті жоқ деген пікір иелеріне жауап берді

Президент Ассамблеяның қажеті жоқ деген пікір иелеріне жауап берді
Фото: ҚР Президентінің баспасөз қызметі 27.04.2023 11:16 1007

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясының екінші күні өтіп жатыр.  Жиынды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі..

Мемлекет басшысы ел бірлігі бәрінен қымбат екенін айтты.

Біз «бірлік пен тұрақтылық болмаса, саяси-экономикалық реформалар жүзеге аспайды» дейміз. Әрине, бұл – дұрыс пайым. Бірақ бірлік дегеніміз мақсатымызға апаратын жол ғана емес. Бұл – мемлекеттілігіміздің ең басты тірегінің бірі.Мен бұған дейін де айттым: еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болады, - дейді Президент.

Ол татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет. Бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек деп айтты.

Халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі. Бұл – небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл – теңдессіз жетістік!, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол  сондай-ақ Ассамблеяның қажеті жоқ деген пікір иелеріне жауап берді.

Әрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені бірлік болса ғана, тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз керек.Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті кейде «Ассамблеяның қажеті жоқ» деген ұшқары, яғни күмәнді пікірлер айтылып жатады. Шын мәнінде, Ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт, - деді мемлекет басшысы.

Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады деп айтты.

Айта кетейік, бүгінде Ассамблея құрамында 583 адам бар. Бүгінгі сессия жұмысына 545 адам қатысып жатыр. Олардың арасында Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, діни бірлестіктердің басшылары, ҚХА мүшелері, республикалық және облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, үкіметтік емес ұйымдардың, дипломаттық корпустың, ғылыми, шығармашылық зиялы қауымының, қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.

ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың айтуынша, 4000-нан астам ҚХА-ның өңірдегі бөлімшелерінде іс-шаралар өтті. Сондай-ақ ауыл жастарымен кездесулер өткенін айтты.

Ассамблеяның алқалы жиынын жыл сайын ел бірлігі күніне орай өткізу дәстүрге айналды. Бұл сессия – көктем мезгілінде мемлекеттік деңгейде өтетін ең ауқымды іс-шара. Мұнда еліміз үшін өте маңызды ұсыныстар айтылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға