Жаңалықтар

Президент Алматы әкімі Ерболат Досаевты қабылдады

Президент Алматы әкімі Ерболат Досаевты қабылдады
Фото: Akorda.kz 03.06.2024 16:20 598

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Президентке Алматының биылғы қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысы жөнінде есеп берілді.

Мемлекет басшысына осы кезеңде Алматы экономикасының негізгі салаларындағы өсім қарқыны жоғары болғаны туралы баяндалды. Атап айтқанда, көлік қызметінің көлемі 17,5 пайызға, құрылыс 5,7 пайызға және байланыс бағыты 4,4 пайызға өскен. Мегаполис экономикасына 360 миллиард теңге жеке инвестиция тартылған. Өсім 5,8 пайызды құрады.

Оған қоса Қасым-Жомарт Тоқаевқа биыл сәуір айында Алматыдағы жылдық инфляция 9,1 пайызға дейін бәсеңдегені жайында мәлімет берілді. Жыл басынан бері 19,5 мың жұмыс орны ашылған. Бұл жұмыссыздық деңгейін 4,7 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

Ерболат Досаев шаһардағы кейбір аудандарды сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Биыл ақпан айында қаланың жоғарғы бөлігін сумен қамту жөніндегі резерв схемасын жасау жұмыстары басталды. Құрылысты осы жылдың 1 шілдесіне дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ал «Балқаш» таза су резервуары пайдалануға беріліп, «Юбилейный», «Каменское плато» және басқа да аудандарға су жеткізіле бастады.

Сонымен қатар президентке Алматының көлік құрылымын қалыптастыру аясында қолға алынған жобалар топтамасының жүзеге асырылу барысы баяндалды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы экономикасын әртараптандыру үшін инвестиция тарту, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және инфляция мөлшерін одан әрі төмендету жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ қаланы сумен қамту мәселесін айрықша бақылауда ұстау қажет екенін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға