Жаңалықтар

Президент Абай облысының әкіміне сөгіс жариялады

Президент Абай облысының әкіміне сөгіс жариялады
Фото: akorda.kz 11.06.2023 17:48 9897

Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі

Қателік көп. Шұғыл әрекеттің жетіспеуі, мәселеден сырт қалуыңыз осы апатқа әкелді. Өзіңіз де оқиға орнына кеш жеткеніңізді маған баяндадыңыз. Сондықтан жергілікті атқарушы органның жұмысына көңілім толмайды. Түсінемін, облыс енді құрылды, сіз – жаңа әкімсіз. Осы себепті ғана сізге сөгіс жариялаймын. Негізі, мұндай қателік үшін бірден қызметтен босату керек, - деді Қ.Тоқаев. 

Сонымен бірге, Абай облысында орман өрті кезінде оннан астам адамның қайтыс болуының орны толмас өкініш екенін атады.

Он төрт адамнан айырылып қалдық. Бұл не сізге, ойыншық па? Олар қызметтік борышын атқара жүріп қаза тапты. Қазір сіздің міндетіңіз – Үкіметпен бірге менің азаматтарға берген барлық уәдемнің орындалуын қадағалау. Сөз бен іс қабысу керек. Иә, мен көңіл айттым. Бірақ адамдарға нақты көмек көрсетілуге тиіс, - деді Мемлекет басшысы. 

Сапар барысында Президент өртті өшірумен қатар адам өмірін сақтау аса маңызды екенін атады.

Қазіргі басты міндет – адам өмірін сақтап қалу. Сондай-ақ, өртті тоқтатып, елді-мекендерге таралуына жол бермеу. Өрт қаупі бар жерден көшірілген тұрғындарды қауіпсіз мекенге орналастырып, оларға қажетті жағдай жасау керек. Қатердің беті қайтқан соң, залалдың көлемін шұғыл анықтау қажет. Зардап шеккен тұрғындардың бәріне қолдау көрсетіледі. Мен жаңа ғана азаматтармен кездестім, уәде бердім. Сондықтан берілген уәдені міндетті түрде орындауым керек. Қаза болған азаматтардың отбасына және зардап шеккен адамдарға өтемақы төлеу мәселесін шешуді тапсырамын. Бұл мәселеде созбалаңға салу мүлдем болмауы керек. Алапат өрт кезінде өмірін құрбан еткен жандар мемлекеттік наградаға ұсынылсын. Сондай-ақ, бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын дереу бастау қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға