Жаңалықтар

Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге ескерту жасады

Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге ескерту жасады
Фото: t.me/KZgovernment 23.07.2024 11:00 532

Бүгін Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов ауыл медицинасын дамыту бойынша әкімдерге ескерту жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ауыл медицинасы жаңа медициналық мекемелермен білікті кадрларға мұқтаж. Сондықтан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын сапалы іске асыру – біздің алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі. Ұлттық жобаны іске асыру барысын ақпан айында қарадық. Ол кезде бекітілген кестеден біршама артта қалу байқалған болатын. Соған сәйкес тиісті тапсырмалар берілген.

Бүгін көріп отырғанымыздай, ауқымды жұмыстар жүргізілген. Жобалау-сметалық құжаттардың барлығына мемлекеттік сараптама қорытындысын беру толығымен аяқталды. Мердігер-компаниялар айқындалып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, - деді Бектенов.

Оның айтуынша, Үкімет Ұлттық жобаны іске асыруға 60,3 млрд теңге бөлді. Соның ішінде 21 млрд теңгеден астам бөлігін өңірлер алып үлгерген.

Қазір қалған нысандарды қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Әкімдіктер барлық нысандардың құрылыс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу үшін күнделікті бақылауды күшейтуі керек.

Қарағанды, Ақтөбе, Павлодар, Батыс Қазақстан, Алматы және Жетісу облыстары әкімдерінің назарын осыған аударғым келеді.Құрылыс маусымы, әсіресе солтүстік өңірлер үшін тез аяқталатынын ескеру қажет. Барлық объектілер белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі тиіс. Бұл ретте құрылыс жұмыстарының нормативтік талаптарының сақталуын да қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар көпсалалы орталық аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу және реконструкциялау жұмыстарын да жандандыру қажет, - деді Үкімет басшысы.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға