Прагада қазақтардың көшпелі мәдениеті туралы көрме ашылды
Прага қаласының музейінде (Алтын сақинадағы үйінде) Алматы қаласы мұражайлар бірлестігі коллекциясының жәдігерлерінен ұсынылған «Уақыт керуені» атты көрмесінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Көрменің ашылу салтанатына Алматы және Прага қалаларының, Чехияның мемлекеттік, қоғамдық және мәдени топтарының, дипломатиялық корпустың және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шараға қатысушыларға Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев, Алматы қаласы мәслихаты төрағасының міндетін атқарушы Әсия Ақанова, Алматы қаласы мұражайлар бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова және Прага қаласы музейінің директоры Иво Мацек құттықтау сөз сөйледі.
Б. Дүйсенбаев өз сөзінде елдер мен халықтар арасындағы достық қатынастарды дамытудағы мәдени дипломатияның маңыздылығын атап өтті. Алматы қаласының әкімдігі мен мәслихатының, Прага қаласының мэриясының және Қазақстанның Чехиядағы Елшілігінің қолдауының арқасында іске асырылған бұл мәдени жоба екі елдің халықтарын жақындастыратын жолындағы кезекті қадам болды. Сондай-ақ қазақ дипломаты қонақтарды 2024 жылғы 8-13 қыркүйекте Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы хабардар етіп, көшпенділердің дәстүрлері мен мәдениетін өз көзімен көру үшін, осы ерекше іс-шараға қатысуға шақырды.
Бағдарламаның мәдени бөлігінде «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртістері өнер көрсетті, олардың орындауында танымал халық әуендері мен белгілі қазақ композиторларының шығармалары орындалды. Сонымен қатар іс-шара қонақтарына дәстүрлі қазақ тағамдары – құрт, ірімшік, жент, қазы ұсынылды.
31 тамызға дейін жалғасатын көрмеде Алматы қаласы мұражайлар бірлестігінің қорынан 220-дан астам экспонат ұсынылған. Экспозицияның негізінде қазақ халқының өмірі мен тұрмысы, салт-дәстүрлері, қолданбалы өнері туралы баяндайтын этнографиялық артефактілер, қазақ халық музыкалық аспаптары, сондай-ақ Алматы қаласының тарихы мен қазіргі өмірі туралы баяндайтын фотосуреттер бар.
Бұл көрме арқылы Прага тұрғындары, сондай-ақ Чехия астанасының қонақтары көшпелі қазақтардың тарихы және мәдениетімен, атап айтқанда дәстүрлерімен, тұрмысымен, философиясымен және дүниетанымымен таныса алады. «Уақыт керуені» көрмесі Қазақстан және Чехияның мәдениетаралық диалогын жалғастырып, келушілерді Ұлы Даланың көшпелі өркениетінің бай мұрасына жақындатады.