Пойызға кешіккен жағдайда билет құнын қайтаруға бола ма?
Мөлдір Қайнар тілші
Пойызға кешігіп қалған жағдайда билет құнының бір бөлігін қайтарып алу мүмкін екенін көпшілік біле бермейді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
"Жолаушылар тасымалы" АҚ өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдай орын алса, жолаушылар бірінші кезекте вокзалдағы билет кассасына жүгінуі тиіс. Кассирге кешігіп қалғанын айтып, тиісті құжаттарды — жеке куәлік пен билетті көрсету қажет.
Егер пойыз билетте көрсетілген станциядан жөнелтілген сәттен бастап бір сағат ішінде өтініш берілсе, жолаушы билет құнының жартысын қайтарып алу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, кассир бос орындар болған жағдайда келесі пойызға балама сапар нұсқаларын да ұсынуы мүмкін.
Айта кету керек, қайтарылатын сома мөлшері мен рәсім тәртібі жолаушылар, багаж және пошта жөнелтілімдерін теміржол көлігімен тасымалдау ережелеріне сәйкес жүргізіледі. Сондықтан мұндай жағдайға тап болғанда, уақыт оздырмай әрекет ету — қаражаттың бір бөлігін сақтап қалудың тиімді жолы.

