Пойызда ішімдік ішкендерге 90 мың теңге айыппұл салынды
Пойызда ішімдік ішкен жолаушыларға әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Түркістан станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Орал-Алматы бағытындағы жолаушылар пойызында заң бұзғандарды анықтады.
Тексеріс барысында 40 және 43 жастағы Қырғыз Республикасының азаматтары пойызда ішімдік ішіп, балағат сөздер айтып, жолаушылардың тыныштығын бұзғанын анықтады.
Құқықбұзушылар пойыздан шығарылып, полиция бөлмесіне жеткізілді. Олар ішімдік ішкені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 25 АЕК (92 300, 1 АЕК – 3 692 теңге) айыппұл салынды.
Айта кетейік, жыл басынан бері көліктегі полицейлер түрлі әкімшілік құқықбұзушылық жасаған 77 834 азаматты жауапқа тартты. Оның ішінде ішімдік ішкені үшін 6 151 адам, ұсақ бұзақылық жасаған 646 адам заң алдында жауап берді.