Жаңалықтар

Полицияға жалған хабар берген балалардың ата-аналарына айыппұл салынды

Полицияға жалған хабар берген балалардың ата-аналарына айыппұл салынды
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 07.02.2024 07:34 627

Терроризм актісі туралы жалған хабарлама жасағаны үшін елордалық үш оқушының ата-анасына айыппұл салынды. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

5 ақпан күні Астананың жедел басқару орталығына телефоннан хабарлама келіп түсті. Онда қоңырау шалушы қала мектептерінің бірінде террорлық шабуыл болатынын хабарлады.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу жетті. Жалған қоңырауға 11 жастағы үш оқушы қатысқаны анықталды.

Осы факт бойынша ата-аналарға қатысты әкімшілік хаттамалар жасалып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Көрінеу жалған хабарлар ауыр қылмыс болып саналады. Дайындалып жатқан терроризм актісі туралы хабар бес мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе бес жылға дейінгі мерзімге шектеуге немесе бас бостандығынан айыруға жазаланады. Қылмыс жасалған кезде он төрт жасқа толған адамдар ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылады, - делінген Астана қаласы ПД таратқан ақпаратта.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға