Полицияға көмектесіп жүрген мүмкіндігі шектеулі азамат марапатталды
Атырауда мүмкіндігі шектеулі азамат 5 жылдан бері полицияға қоғамдық тәртіпті сақтауда көмектесіп келеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Атырау облысында мүмкіндігі шектеулі азамат Есболат Балабаевтың есімі көпшілікке үлгі. Ол 5 жылдан астам уақыт бойы полициямен тығыз ынтымақтаса отырып, қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді түрде атсалысып келеді. Өзінің қайсарлығы мен азаматтық ұстанымы үшін Есболат Балабаевты облыстың бас полицейі Нұрхат Оразбаев арнайы қабылдап, оны «Жылдың үздік волонтері» деп таныды.
Есболат Балабаевтың тағдырындағы ауыр сынақ 15 жыл бұрын орын алған еді. Жол-көлік апаты салдарынан ол мүгедектер арбасына таңылды. Бірақ ерік-жігері мықты азамат өмірдің қиындығына мойымай, қайта өз жолын таба білді. Оңалту кезеңінен өтіп, қоғамға пайдалы болуды мақсат еткен ол патрульдік полиция қызметкерлерімен бірге жолға шығып, жүргізушілерге жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізе бастады.
Есболаттың бұл қызметі – тек жұмыстың бір бөлігі ғана. Ол ауруханаларда жол апатынан зардап шеккен жандарға қолдау көрсетіп, оларды жігерлендіруге уақыт табады. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырады. Оның айтуынша, өмірінің басқа арнаға бұрылуына бір сәттік қателік себеп болған, сол себепті ол өзгелердің де мұндай қателіктерге жол бермеуін қалайды. Осы ерлігі мен азаматтық ұстанымы үшін Есболат Балабаевты Нұрхат Оразбаев жеке қабылдап, оның қоғамға қосқан үлесін жоғары бағалап, алғыс білдірді. Есболаттың қайсарлығы мен батылдығы – нағыз ерлікке пара-пар, ал оның өнегелі өмірі – баршаға үлгі.