©El.kz

Полиция Threads арқылы танысқысы келетін қазақстандықтарға ескерту жасады

Полиция қазақстандықтарды Threads-тегі жазбаларға сақ болуға шақырады. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Әлеуметтік желілерде, әсіресе Threads-те «жар іздеймін», «танысқым келеді» деген жарияланымдарды жиі кездестіруге болады. ІІМ дерегінше, мұндай жазбалардың артында қарапайым желі қолданушыларынан бөлек алаяқтар да болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз:

Алаяқтар көбіне өздерін тартымды жігіт немесе қыз ретінде таныстырып, хат алмасуды белсенді түрде жүргізіп, адамға ерекше көңіл бөліп, қысқа уақыт ішінде сенімге кіреді. Уақыт өте келе әңгіме қаржылай көмек сұрауға ұласуы мүмкін.

Алаяқтық схема әдетте былай өрбиді: белсенді қарым-қатынас орнату және эмоциялық тәуелділік қалыптастыру; өмірдегі қиын жағдайлар, ауру, шұғыл шығындар немесе тиімді инвестициялар туралы әңгімелер; ақша аударуды, оның ішінде қаражатты шетелдік криптоәмияндарға аударуды немесе үшінші тұлғалар арқылы жіберуді сұрау; қаражат алынғаннан кейін байланыс үзілiп, жәбірленушіні бұғаттау, - делінген мәліметте.

Ведомство өкілдерінің сөзінше, егер экранның арғы жағындағы адам сізден ақша аударуды сұраса, бейнебайланыстан және жеке кездесуден қашса, интернеттегі фотосуреттерді пайдаланса, сақ болған жөн.

Алаяқтардың арбауына түсіп қалмас үшін:

  • интернет арқылы танысқан адамдарға ақша және жеке деректерді бермеу;
  • жеке фотосуреттерді жібермеу;
  • күмәнді сілтемелерге өтпеу;
  • сұхбаттасушының профилін және ол туралы ақпаратты тексеру;
  • күмән туындаған жағдайда жазбаны тоқтату керек.

«Махаббатын іздеп жүрген» алаяқтар әдетте өз ісінің нағыз маманы болып келеді. Олар өзін шынайы, қамқор әрі сенімді адам ретінде көрсете алады.

Мұндай алаяқтардың жалған аккаунттарында сапалы фотосуреттер, жеке және кәсіби қасиеттері туралы сипаттамалар көрсетілуі де мүмкін.

Алаяқтар жәбірленушімен мүмкіндігінше тезірек эмоциялық байланыс орнатуға тырысып, мейлінше жиі сөйлесуге тырысады. Әдетте олар жалғызбасты және егде жастағы адамдарды іздейді. Қанша жерден әдемі сөз айтып, уәде берсе де, бір күні міндетті түрде ақша сұрауға көшеді.

Алаяқтардың ең жиі қолданатын классикалық схемасы шамамен мынадай:

  • алаяқ кейде шетелде жүргенін айтуы мүмкін;
  • сенімге кіру үшін фотосурет алмасуды немесе бейнеқоңырау арқылы сөйлесуі де мүмкін (бейнеқоңырау кезінде дипфейк қолданылуы мүмкін);
  • жеке кездесуге келе алмауының түрлі себебі болады;
  • қарым-қатынас нығайған сайын жеке деректерді, қаржылық ақпаратты, ақша немесе басқа да материалдық құндылықтарды жіберуге көндіреді, бұл алдау бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін;
  • ал қарапайым әрі жылдам схемаларда алаяқ жалған сайтқа сілтеме арқылы өтуге немесе QR-кодты сканерлеуге өтініш жасап, сол арқылы банк қосымшаларына қол жеткізеді.

Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті азаматтарды онлайн-танысу кезінде сақ болуға және құқыққа қайшы әрекеттер туралы уақтылы полицияға хабарлауға шақырады.

Бұған дейін министрлік ата-аналарды сақ болуға шақырған еді. Мамандар елімізде жиі кездесетін алаяқтық түрлерін атады.