Жаңалықтар

Полицей иттерді іздестіру жұмыстарына қалай дайындайды?

Бір иіскеген нәрсені 5 жылға дейін ұмытпайтын "төрт аяқты" тәртіп сақшыларының бір күні
Полицей иттерді іздестіру жұмыстарына қалай дайындайды?
09.07.2019 11:06 8602

Шаһар тыныштығы, адамдар қауіпсіздігі, қылмыскерлерді ұстау және заңсыздықты болдырмау үшін иттерге арнайы оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Әсіресе, заңсыз есірткі тасымалы, жарылғыш заттарды іздеуде ерекше қырағылық танытатын иттер неміс пен бельгия овчаркалары. Осы орайда, «Еl.kz» интернет-жобасы төрт аяқты сақшыларды қолға үйрететін Нұр-Сұлтан қаласындағы Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығында болып, ондағы иісшіл иттердің бір күндік жұмысымен танысып қайтты. 

Үйіңізді тәулігіне 24 сағат күзетіп, ол үшін ақы сұрамайтын иттің көмегі көп. Асыл тұқымдысын асырап, жаттықтыра алсаңыз кинологиялық қызметті де мүлтіксіз атқарады. Әрине, барлық иттер мұндай қабілетке ие деген сөз емес. Кинологтардың пікірінше, із кесу мен иісшілдік қасиет овчарка тұқымдасында ерекше дамыған. Олардың сезу деңгейі адамдарға қарағанда 10 мың есе жоғары, сондай-ақ, түн уақытында кез-келген қозғалысты 100 метр қашықтықтан біле алады. Мұндай байқампаздығынан бөлек, олар 25 метрден шыққан дауысты айна қатесіз табады. Бір қызығы, иттер бір иіскеген нәрсені 5 жылға дейін ұмытпайды екен. Тек бұл үшін оларды ерте бастан үйрету қажет.

Елбасының 2000 жылғы 16 мамырдағы No395 Жарлығымен «Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2001-2003 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітіліп, еліміздің бірқатар аймағында кинологиялық орталықтар өз жұмысын бастаған еді. Осы уақыттан бері ақылды иттердің көмегімен ашылған қылмыстар көп. Бұл қызметке олар 6 айынан бастап жаттықтырылса, 7 жасқа келгенде зейнетке шығарылады. Себебі, иттер қартайған сайын бойындағы қабілеттерінен айрылып, әлсірей бастайтын көрінеді. Ал бабы келісіп тұрған иттер 8-9 жыл қызметте болады. Олар да әскери адамдар сияқты мезгілімен дәрігерге қаралып, сәйкесінше тамақтанады. Бір айта кетерлігі, иттер де адамдар сияқты өзіндік мінезге ие. Арасында қуы да, ақымағы мен ақылдысы да болады. Ал меланхолик иттерге кинологиялық орталықта орын жоқ. Керісінше, холериктер мен сангвиниктер есірткі іздеуде ерекше қабілетті болса, оларды ізге түсу кезінде де пайдаланады. Ең қауіпті жұмыс флегматик иттерге тапсырылады. Жарылғыш заттар мен қаруды іздеуде олардан асып түсетін иттер жоқ.

Аталмыш орталықта арнайы ветеринар да жұмыс істейді. Күнделікті жаттығуға иттер ветеринар дәрігерінің қарауынсыз жіберілмейді. Таңнан бастап түрлі операцияларға дайындалатын олардың қылмысқа әртүрлі реакция көрсететінін байқау қиын емес. Тығылған есірткіге бірі үрсе, ал екіншісі сол жерді тырналайды. Мұны жаттықтырушы кинологтар жақсы түсінеді. Яғни, иттің өзіндік қылығы жіті зерттеледі. Үй жануары иесіне ғана бағынатыны сияқты, мұндағы иттер де өз жаттықтырушыларына ғана мойынсұнады.

Ал жаттығу барысында есірткі имитаторы, нақтыласақ есірткіні алмастыра алатын арнайы ақ ұнтақ пен сүлгі түріндегі дәрілік заттар пайдаланылады. Аталған заттардың қауіптілігі сондай иттің ұнтақты тістеуіне жол берілмеу керек. Себебі, ағзаға улы құрам түссе өліп кету қаупі бар. Сол себепті сала мамандары дайындық кезінде қызметіне аса жауапкершілікпен қарауы тиіс.

- Мұнда иттер Алматыдағы Ішкі істер министрілігінің арнайы кинологиялық орталығынан жіберіледі. Ал мұндағы мамандар иттерді күшік кезінен жаттықтыра бастайды. Негізі, орталықта неміс пен бельгиялық овчарка және лабрадор тұқымдас иттері бар. Бүгінде олар біздің азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығына баға жетпес үлес қосуда. Қазақстан Республикасында есірткілер, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз таралуына қарсы іс-қимылдың тиімді жүйесін құруға бағытталған шараларға біздің қызметкерлеріміздің жоғары кәсіпқойлығының арқасында қол жетуде деп айтуға болады. Мұндағы әрбір маманның елеулі еңбегінің арқасында бірқатар қылмыс ашылып, заңсыздықтардың жолы кесілді. Есірткіге және терроризмге қарсы қызметті арттыру үшін бірқатар жұмыстар жасалуда. Орталық иттерді жаттықтырып қана қоймай, олардың денсаулығына да ерекше мән береді. Әрбір кинолог иттерге өзінің баласындай қамқорлық жасайды. Әрине, мұны иттер де сезеді, бауыр басады,- дейді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығының бастығы Ерік Сәдуақасов.

Жалпы, иттер бес бағыт бойынша тәрбиеленеді. Мәселен, із кесушілікке дағдыланғандар жоғалған затты немесе адамды бірден табуға үйретілсе, шабуылдаушы иттер құқық бұзушыны қуып жетіп, жолын кеседі. Бұған жасқаншақ иттер алынбайды, керісінше ешнәрседен тайынбайтын иттер іріктеліп алынады. Ал наркотикалық заттарды іздеуші иттер көбінесе кеден, жүк тасымалдайтын мекемелерде, адам көп шоғырланған орындарда жұмыс істесе, бұған салмақты, адамға тез бейімделетін иттер алынады. Жарылғыш заттар іздейтіндер құрамында оқ-дәрілер немесе тез тұтанғыш заттардың иісін тез сезіп, дәл табуға маманданады. Ең күрделі қызмет одорологиялық зертхана иттерінің мойнында. Олар қылмыстың ізін суытпай табуға жәрдемдеседі. Оқиға болған жерден табылған айғақ заттарды тәркілеп, иісі алынып және сол қылмысқа қатысы бар күдіктіден алынған екі иісті иіскету арқылы анықтайды. Яғни, ит екі иіс бір адамдыкы немесе өзге адамдыкы екенін бірден табады. Бұл ретте кинологтар иттің тілін істеген әрекетіне байланысты түсінеді. Себебі, мұндай жағдайда иттердің бірі отырса, екіншісі үріп, кейбірі төменге қарай тартына бастайды.

- Иттерге бұйрық берсеңіз бірден айтқанды орындай жөнеледі. Себебі, олар күшік кезінен арнайы дайындықтан өтеді. Күн сайынғы жаттығулар ойын түрінде өтеді. Жалпы, иттер жаттығып немесе қылмыс орнына барған уақытта өзін ойнап жүргендей сезінеді. Ол өзінің қылмыс орнында екенін білмейді. Негізінен, ит жаттықтырушысына бауыр басқанда ғана айтқанын екі етпейтін болады. Сондықтан олармен тығыз қарым-қатынас орнатылады. Мәселен, менің екі итім бар. Олардың бірі із кесуші болса, екіншісі есірткіні табуға үйретілген. Бауыр басқаны сондай менен басқа адамның тілін алмайды. Менің еңбек демалысымда немесе белгілі себеппен жұмысқа шықпаған күні иттерім де демалады.

Көбінесе арнайы аулада жаттығып, уақыттарын өткізсе, кешкілік олар арнайы жабдықталған орында ұйықтайды. Арнайы қоршалған үлкен кеңістікте таңғы уақыттар және түсауа бір-бір сағаттан жаттығулар жасайды. Кейде қызметтік иттер бұйрықты орындамаса оның мазасы болмай, сырқаттанып тұрғанынан хабар береді. Бұндай кезде жаттығулар жасалмайды және ит дәрігердің бақылауына алынады, -дейді орталық кинологы Нұрлан Шатырбеков.

Инспектордың сөзінше, иттерге команда беру тек бір тілде жүргізіледі. Егер кинолог қазақ тілді болса, бұйрық та сол тілде айтылады. Пәрмен тек дауыстап қана емес, қимыл-әрекетпен де беріледі. Мәселен, сол қолды иық тұсына көтеріп, сосын қайта төмен түсіру – «жаныма кел» деген сөз. Негізі жақсы үйретілген ит сол қолмен санды ұрса да иесінің жанына бірден келеді. Ал отырған иттің жоғары жағынан төменді нұсқаса бұл – «орында» деген бұйрық болып табылады. Бұйрықты алған сәттен бастап ит қозғалмай, иесі келесі тапсырманы бермейінше орнынан тапжылмайды. Оң қолды төменге түсіріп, алақанды төменге қарату «жат» деген пәрменді білдірсе, оң қолдың алақанын иық деңгейіне көтеріп, итке тура бағыттау «отыр» деген. Көп жағдайда бұл пәрмен иттің жаттықтырушыдан алыс тұрған уақытта беріледі. Оң қолдың алақанын төбеге қарату арқылы итті орнынан тұрғызуға болады. Сұқ саусақты шошайтып бір жерді көрсету итке «сол орынға бар» дегеннен хабар береді. Жалпы, жұмыс барысында ит әрқашан кинологтың сол қапталында болғаны жөн. Сондай-ақ, иттің әрбір қылмысты ашу кезіндегі нәтижесіне сәйкес, оған мотивация беріліп, құрмет көрсетілуі тиіс. Демек, ит өзінің істеген ісінің дұрыс немесе бұрыс екендігін білуі маңызды. Жаттықтырушы қылмыс ашу кезінде мұны ұмытқан болса бұл иттің психологиясына кері әсерін тигізіп, кейін бұйрықтарды орындамайтын болады.

- Мен орыс тілінде тапсырма беремін. Кинолог болып қызмет еткен 11 жылда Лорд есімді талантты итім болды. Ал қазір Виа деген итім өзінің мықтылығын әркез танытып жүр. Жалпы, адамнан айла асқан ба, көптеген жағдайға кезігіп жатамыз. Бірақ кез-келген уақытта оң нәтиже көрсетіп, өте жеңіл жолмен қылмыскерді анықтауға мүмкіндік береді. Мен иттерді өте қарапайым тәсілмен тәрбиелеймін. Мәселен, доппен көп жаттығулар жасаймыз. Алысқа лақтырылған допты қайта өзіме әкеп беруден бастап, жоғары баспалдақтарға мініп-түсіп, түрлі кедергілерді емін-еркін еңсеруі тиіс. Түрлі заттарды, олардың ойыншықтарын тығып қоямын. Бірақ ондай дүниелерді минутқа жетпейтін уақытта тауып алады,- дейді ол.

Аса ауыр қылмыстарды ашып, күдіктілерді анықтап, қылмыс құрамын ашуда иттердің еңбегі орасан екенін қайталай беруге болады. Себебі, иттер оқиға орнынан айғақтарды дәл тауып, қылмыскерді анықтауда таптырмайтын «маман».

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға