Мен балық аулағанды ұнатамын. Қым-қуыт тірлікте, алқымнан алған жұмыс та, негативке толы әлеуметтік желі де жоқ. Табиғатпен оңаша қалып, өмірдің мәні сияқты пәлсапа ойларға берілемін. Өзіңнің мына әлемдегі орныңды, мүмкіндігің мен міндетіңді ойлауға таптырмас жер. Бажам да балықшы. Қарағандыда балыққа жиі бірге барып тұратынбыз. Бірнеше жыл болды Астанаға қоныс аудардық. Енді балық аулауға қолайлы Астананың маңындағы су айдындарын жағалай бастадым. Бастапқыда таза жер іздеуге тырыстым. Яғни, айналасы қоқыстан таза жер тапсам деген ниет болды. Өкінішке қарай мен қалаған ондай жер жоқ болып шықты, амалсыз бұл келеңсіздікке де де бой үйренеді екен...
Жақында бажам отбасымен демалуға Астанаға келді . Әйелім мен бала-шағам қаланы көрсетіп әлек, ал мен ең балықты жерлерге апармақ болдым. Әдетте Малаводныйда балық көп, керек-жарақтарымызды алып сонда тарттық. Келе сала бажам қармақ салмай тұрып қатты ренжіді. Мұндай жерде балық ауламақ түгілі отыруға жиіркенетінін айтты. Бізде Астанада балық аулау орындары толығымен тегін. Ал тегін жақсының жауы дер едім. Қарағандыдағы барлық балық аулайтын жерлер ақылы. Есесіне таза. Ақы төлеген соң адамда жауапкершілік сезімі болады. Жағажай жанындағы ескерту тақтайшаларындағы «Қоқыс тастағаныңыз үшін айыппұл салынады!» жазуларының жай ескерту емес екенін түсінеді.
Жағажайдағы қоқыстың дені полиэтилен пакеттер. Мүмкін органикалық қоқыстар шіріп, ыдырап кететіндіктен аса байқалмайтын шығар. Ал суда ерімейтін, жел мен күннен бұзылмайтын пакеттер кеше ғана тастап кеткендей жарқырап жатады. Күннен күнге көбейіп, жер дүниені пакет басып бара жатқандай әсер қалдырады. Экологиялық зияны өз алдына, табиғатқа оңаша шығып, балығыңды аулап, пәлсапаға беріліп немесе эстетикалық ләззат алайын деген ниетіңді көкке ұшырады.
Пакеттерді қолдануға мүлдем тыйым салу мүмкін емес деп ойлаймын. Мен өзім де бас тарта алмас едім. Бірақ оны қайта өңдеуге болады ғой? Мүмкін жол жабынын немесе шірімейтін құбырлар жасауға болар? Қайта өндіріс болса, оларға сұраныс та болады, сұраныс болса қала мен далада бұлай шашылып жатпас еді деп ойлаймын.