Питер Фостер Air Astana-дағы басшылық қызметінен кетеді
Питер Фостер 2026 жылдың наурыз айының соңында Air Astana компаниясының бас атқарушы директоры және директорлар кеңесінің мүшесі қызметінен кетеді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады El.kz интернет порталы.
Дегенмен Фостер әуекомпаниялар тобымен ынтымақтастығын жалғастырып, директорлар кеңесінің аға кеңесшісі қызметін атқарады.
Директорлар кеңесі Питер Фостерге компанияны басқарудағы 20 жылдық үздік еңбегі мен жоғары жетістіктері үшін алғыс білдірді.
Осы уақытта қаржы жөніндегі атқарушы директор Ибрахим Жанлыел бас атқарушы директор лауазымына тағайындалмақ.
Белгілі болғандай, ол Air Astana компаниялар тобында 2003 жылдан бері жұмыс істейді: алдымен коммерциялық бөлімшелерде басшылық қызметтер атқарған, ал 2017 жылдан бастап қаржы жөніндегі атқарушы директор болып келеді.
Айта кетейік, Air Astana тобы – табыс көлемі мен әуе флотының саны бойынша Орталық Азия мен Кавказдағы ең ірі компаниялардың бірі. Қазіргі таңда топ құрамында 61 ұшақ бар: олардың бір бөлігі 2002 жылы құрылған Air Astana әуе компаниясына, ал қалғаны 2019 жылы іске қосылған бюджеттік FlyArystan тасымалдаушысына тиесілі.

