Жаңалықтар

Петропавлда «Жайлы мектеп» жобасымен 4 жаңа мектеп салынады

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінен мәлім етті
Петропавлда «Жайлы мектеп» жобасымен 4 жаңа мектеп салынады
Фото: gov.kz 09.01.2023 18:45 1308

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен СҚО әкімі Айдарбек Сапаров өңірдегі мектеп құрылысы мәселесін талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
 
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаровпен кездесті. Күн тәртібінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы мектептердің құрылысы мәселесі талқыланды.
 
Жобада облыс орталығы Петропавлда 4 жаңа мектеп салу көзделген. Білім ордаларын төрт шағын ауданда, атап айтқанда, Жас-Өркен, Орман, Қопай және Береке аудандарында салу жоспарланып отыр. Екі мектептің құрылысы биыл, тағы екеуі келесі жылы, яғни 2024 жылы басталады. Оқу-ағарту министрі құрылыстың уақытылы басталып, дер кезінде аяқталуына баса назар аударды.
 
«Барлық мәселені дер кезінде және сапалы орындау қажет. Мектептердің уақытылы тапсырылуына әкімдердің жауапкершілігі бекітілгенін білесіздер. Жаңа мектептерде балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуы қажет. Сонымен қатар Мемлекет басшысы өскелең ұрпақ тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды», - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға