Жаңалықтар

Петропавлда су тасқынына байланысты жеңіл көліктердің қозғалысына шектеу қойылып жатыр

Петропавлда су тасқынына байланысты жеңіл көліктердің қозғалысына шектеу қойылып жатыр
Фото: ©El.kz/Амангүл Тілейқызы 14.04.2024 12:51 1876

Солтүстік Қазақстан облысында Бескөл мен Мамлютка арқылы Петропавлға кіретін жолдың  суға толып кетуіне байланысты  жеңіл көліктердің қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі. 

Бүгін Петропавл қаласында жүргенімізге екінші күн. Дәл қазір ауданның орталық көшесі Потанинде тұрмыз. Су көшенің белортасына дейін жетті. Жағдай ТЖД қызметкерлерінің бақылауында.

Айта кетейік, Кожевный, Подгор және Косогор шағын аудандарынан адамдарды эвакуациялау жүріп жатыр. Тек Полиция департаменті азық-түлік және басқа да тауарларды жеткізетін гуманитарлық көмекпен жүк көлігін кедергісіз және басым тәртіппен өткізіп жатыр. Бұл туралы Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы, полковник Марат Жұмалиев мәлім етті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта бұл жерде жүк көлігі мен биік машиналар өткізілуде. 

Қазіргі таңда Полиция департаментінің қызметкерлерінен 540 адам, Ұлттық ұланнан 440 әскери қызметші жұмылдырылды. Интернациональная көшесінен бастап, ауданның шығыс жағалауына дейін толығымен қоршалған. Полиция қызметкерлерімен бірлесіп тізбек салынды. Бұл аумақтарға тұрғындарды жібере алмаймыз, - дейді қалалық полиция басқармасының бастығы. 

Сонымен қатар ол бүгін таңғы 5-тен бастап ТЖ қызметкерлері үй жануарларын да эвакуациялағанын айтты. 

Фото: © El.kz/Амангүл Тілейқызы

Тасқынға қатысты ауданның  тұрғыны Талғат Белесбаевтың да пікірін білдік. 

Петропавл аудандарына көмекке еріктілер келіп көмек қолын созып жатыр. Өздерімен бірге қайықтарын ала келіпті. Бірақ ТЖД қызметкерлері оларды су кірген аумаққа өткізбей жатыр, - дейді ол.

Фото: © El.kz/Амангүл Тілейқызы

Мағжан Жұмабаев ауданынан Орал Балабек Оңтүстіктен Солтүстікке көшіру бағдарламасымен келген ерікті дәл қазір су басқан аумақта бригадасымен көмек көрсетіп жатыр.

Облысымызды су басып жатыр дегесін еріктілер жиналып, апатты аумақтарға бөгет қою жұмыстарын жүргізудеміз. Суды тоқтатайық деген мақсатта 20 шақты ерікті келіп отырмыз, - деді ол. 

Еске сала кетейік, Петропавл су қоймасының деңгейі таңғы 8-ден +114 см, су деңгейі - 1155 смге жетті. 
Ауданда эвакуациялау-құтқару, көмек көрсету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға