Жаңалықтар

Петропавлда пара алған ветинспекторға 5 млн теңгеден астам айыппұл салынды

Петропавлда пара алған ветинспекторға 5 млн теңгеден астам айыппұл салынды
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 05.06.2023 15:30 930

Петропавлда мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор пара алғаны үшін сотталды, оған параның 35 еселенген сомасы мөлшерінде - 5 млн 200 мың теңгені айыппұл салынды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, Петропавл қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы Жанарбек Бусурмановқа қатысты қылмыстық іс бойынша мән-жайлар, бұрынғы мемлекеттік қызметші жұмыс істеген ұжымда қаралды.

Петропавл қалалық сотының үкімімен бас маман – мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор пара алғаны үшін сотталып, оған параның 35 еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды.

2023 жылдың ақпан-наурыз айлары аралығында Бусурманов қызметтік жағдайын жүйелі негізде пайдалана отырып, тиісті ілеспе ветеринариялық құжаттарсыз «Привокзальный» және «Дария» қалалық базарларында ет өнімдерін көтерме сатып алуды және бөлшектеп сатуды жүзеге асыратын кәсіпкерлерден пара алған.

Сотталушының мұндай әрекеті аумақтық инспекцияның жауапты тұлғалары тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан туған, - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов.

Бағыныштылардың жемқорлығы үшін бірінші басшылардың жауапкершілігі туралы заңнама нормаларын іске асыру мақсатында Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының шешімімен Петропавл қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Ақпан Құсайынов қатаң сөгіс алды.

Инспекторлар арасында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін олардың жұмысында қызметтік аудио және бейне тіркеу пайдаланылуы керек. Мұндай талаптың болуына қарамастан, Петропавлдың 7 базарында барлық 5 инспекторды бейнетіркегіштермен жарақтандыру тек ұсыну қаралғаннан кейін ғана қолға алынды.

Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасауға ықпал ететін мән-жайларды жою үшін аумақтық инспекция басшылығы мемлекеттік инспекторлардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын және мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі нормаларын сақтауына қатысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау аясында жүргізілген бейнежазбаларға мониторинг жүргізуі қажет, - дейді Айдос Жүнісов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға