Петропавлда газ құю стансасы өртенді
Петропавлда газ құю стансасынан өрт шықты. Салдарынан газ таситын автоцистернаның жүргізушісі күйік алып, ауыр халде ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Петропавлдағы Жамбыл көшесінде орналасқан газ құю стансасындағы өрттің бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт Петропавлдағы Жамбыл көшесі 231 мекенжайында орналасқан газ құю стансасынан шыққан. Шақырту сағат 11.20 минут кеткенде түсті. Мамандар оқиға орнына санаулы минутта жеткен.
Жалынды ауыздықтауға 9 техника және жеке құрамның 43 маманы жұмылдырылды.
Бұдан бөлек оқиға орнына жедел жәрдем қызметінің үш автокөлігі келді. Полиция қызметкерлері өрт шыққан жерді оқшаулады. Өрт сөндірушілер келген кезде станцияның жанындағы газ таситын автоцистернаның жанып жатқандығын көрген. Жедел шара қолданып, көліктегі өрт сөндірілді. Қайта жанбауы үшін тиісті жұмыстар жүргізілді. Газ таситын автоцистернаның жүргізушісі күйік алды, - деді оқиға орнына барған СҚО ТЖД бастығы Ерік Сарыбаев.
Өрт барысында газ таситын машинаға, газ құю станциясының ғимаратына зақым келді. Өрт шалған аумақ 20 шаршы метрді құрады.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі және келген шығын мөлшері анықталып жатыр.
СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, күйік алған 58 жастағы көлік жүргізушісі Петропавл қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді, жағдайы нашар.