Петропавлда ата-анасы 7 жасар қызын ұрып ауруханаға түсірді
Петропавл қаласында қызымен тіл табыса алмаған ата-ана оны соққыға жыққан, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
7 жасар қыз баланың денесіндегі жарақаттарды мектеп медбикесі көріп, дереу полицияға хабарлаған. Тексеру барысында оның 26 жастағы анасы мен 33 жастағы өгей әкесі ұрып-соққаны мәлім болды. Олар бұл әрекетін қыздың тіл алмауымен түсіндірген. Қазір соққыға жығылған қыз ауруханада ем алып жатыр.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабының 1-бөлігі «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» бойынша Петропавл қаласы полиция басқармасында сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді, дейді СҚО Полиция департаменті басшысының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Істің барлық мән-жайларын зерделеуге бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.