Петропавлда 68 жастағы әжей алаяқтарға алданып қала жаздады
Петропавлда алаяқтарға сеніп қалған 68 жастағы әжей бар жиған ақшасынан айырылып қала жаздады. Оны тәртіп сақшылары дер кезінде байқап, қылмыстың алдын алған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Зейнеткерге ұялы телефон арқылы хабарласқан алаяқтардың бірі алдымен өзін медбике деп таныстырған. Кейін «Электрондық үкімет» пен тіпті «Полиция департаментінің қызметкерімін» деп өзге адамдар қоңырау шалған. Барлығы WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, ресми рәміздерді басты фото ретінде қолданған. Олар үлкен мәселелерден сақтану үшін қаражатты «қауіпсіз шотқа» шұғыл аударуды сұраған. Сеніп қалған зейнеткер жақын маңдағы сауда орталығындағы банкоматқа барып, шотындағы 2 миллион 100 мың теңгесін аудармақ болған. Бұдан өзге алаяқтар әжейдің депозитінде тағы 4 миллион теңге бар екенін де анықтап алған көрінеді.
Абырой болғанда зейнеткерді сол жерде кезекшілікте жүрген полицейлер байқап қалған. Олар тұрғынды асығыс шешім қабылдамауға көндіріп, жағдайды жедел анықтапты. Алаяқтық белгілері расталып, қылмыскерлердің арам пиғылының жолы кесілді.
Айта кетсек, бұған дейін дәл осындай 5 дерек қаладағы әртүрлі сауда орталықтарында полиция мен жекеменшік күзеттің қырағылығының арқасында тоқтатылды. Барлық факті бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

